Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘУЕ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТПАҚ

ӘУЕ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТПАҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "Әуехабтарындамыту – өтемаңыздыміндет. Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайлардың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды" деп атап өткен еді.
Осы орайда жуырда Сыр аймағына арнайы сапармен келген Үкімет басшысы Олжас Бектенов  жаңа үлгіде жаңарған «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалының ашылу рәсіміне келіп, сырбойлылықтардың қуанышына куә болды. Премьер министр өз сөзіндеЖаңа әуежай терминалы –өңір үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды инфрақұрылымдық жоба. Оны іске асыру қосымша әуе бағыттарды, оның ішінде халықаралық бағыттарды ашуға, транзиттік әлеуетті, жолаушылар мен жүк ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл ішкі туризмнің, сауданың және тұтастай экономиканың дамуына оң әсер етеді. Үкімет сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымды салу жөніндегі әлеуметтік бағдарланған бастамаларын толық қолдайтын болады – бұл біздің еліміздің болашағына қосылған үлес» деп жиналғандар алдында өз ойын білдірген болатын.
Әуежайдың ашылуы Қызылорда үшін көңіл қуантарлық жаңалық. Шын мәнінде, қала мен өңірдің болашағын айшықтайтын маңызды бастама. Жалпы алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын терминал әлемдік стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылып,жолаушыларға барынша жайлы, қауіпсіз әрі тиімді қызмет көрсету мақсат етілді. Жоба құрылысын іске асыруға Болат Өтемұратов қоры әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде 20,9 млрд теңге инвестиция салынып, одан әрі жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға, автожол салуға, жаңа терминал аумағын абаттандыруға және жарықтандыруға 4,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жаңа әуежай терминалы өзінің кеңдігімен, сәулетімен және ыңғайлылығымен ерекшеленеді. Ішкі дизайны жол жүрушілердің барлық қажеттіліктерін ескеріп, тиімді логистикаға сәйкес негізделген.
Заманауи тіркеу және қауіпсіздік жүйелері – терминалда жолаушыларды тіркеу және багаж тексеру процестері автоматтандырылған. Бұл қауіпсіздікті арттырып қана қоймай, күту уақытын қысқартуға көмектеседі. Жаңа технологиялар адамдарға сапарларын ыңғайлы және жайлы өткізуге мүмкіндік береді. Күту залдары мен қызмет көрсету орындары, кең әрі жайлы, онда кафе, дүкендер мен демалыс орындары қарастырылған. Бұл терминалда уақыты өтетін жүргінші демалып, өзіне қажетті заттарды сатып алуға, тамақтануға барынша мүмкіндік жасалған. Әр залда интернет байланысы, электр қуаты орындары және тағы басқа қажетті қызмет көрсету орындары да қарастырылған.Автотұрақ пен көлік қатынасы – терминалға жақын орналасқан автотұрақ сапарға шығушыларға көлік қоюда ыңғайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, қала ішіндегі қоғамдық көліктердің жиілігі де көбейтілген, бұл жолаушыларға қала мен әуежай арасындағы қатынасты оңайлатты.
Сондай – ақ «Қорқыт Ата» Әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Баян Ажмолдаев өңірдегі жыл сайын өсіп келе жатқан жолаушылар ағынын ескере отырып, терминалдың уақтылы іске қосылғаны туралы хабарлады. Мәселен, биылғы 9 айда әуежайда 265 мың жолаушыға қызмет көрсетілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық. Аптасына 26 ішкі рейс жүзеге асырылады (17-сі Астанаға, 9-ы Алматыға). Осы жылдың маусым айында Анталья (Түркия) қаласына халықаралық чартерлік рейс іске қосылғанын айтты. Одан әрі Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Ақтау және Атырау қалаларында қосымша рейстер ашу, сондай-ақ «Қызылорда–Көкшетау», «Қызылорда–Ақтөбе», «Қызылорда–Қарағанды» сияқты әуе бағыттарды әлеуметтік маңызы бар рейстер тізбесіне енгізу жоспары туралы баяндамасында атап өтті. Жаңа терминал қала мен облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына зор ықпал ететін нысан. Бұл терминалдың ашылуы аймақтың халықаралық деңгейдегі байланысын нығайтып, шетелдік және отандық инвесторлар мен туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жергілікті бизнес пен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып, жұмыс орындары ашылмақ.
Қызылорда әуежайының жүк тасымалына да қызмет көрсететіні маңызды фактор болып табылады. Бұл өңірдің тауар өндірушілері үшін өз өнімдерін шетелге экспорттау мүмкіндігін арттырады. Логистика саласының дамуымен бірге жергілікті экономикаға шетелдік капитал мен инвестициялар ағыны көбейеді, бұл дегеніміз өңірдің индустриалды әлеуетін арттыруға жағдай жасайды дегенді білдіреді.
Жаңа әуежай терминалы қаланың туризм саласына жаңа тыныс беріп, шетелдік туристердің осы өңірге келуіне жол ашып отыр. Облыстың тарихи және табиғи көрнекі жерлерін тамашалауға келетін туристер санының артуы – өңір экономикасына тікелей пайда әкеледі.
Әуежай терминалы аймақтық мәдени және іскерлік іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Қызылорда алдағы уақытта түрлі халықаралық форумдар, конференциялар, бизнес-кездесулер және мәдени іс-шаралар өткізу үшін тартымды орынға айналуы сөзсіз.
Қорыта айтқанда «Қорқыт Ата» атындағы жаңа әуежай терминалы – тек әуе қатынасының ғана емес, тұтас өңірдің дамуына серпін беретін ауқымды жоба. Оның ашылуы қала мен облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, Қазақстанның оңтүстігіндегі инфрақұрылымның нығаюына жол ашуды көздейді.. Жаңа терминал қызметі Қызылорданы елдің ірі көлік және туризм орталықтарының біріне айналдыруға үлкен қадам болмақ.
Жаңа әуежай терминалы Қызылорда өңірі үшін жарқын болашақтың символына айналып, Қазақстанның келешек көкжиегін кеңейтуге ықпалын тигізетін маңызды нысанның бірі бола бермек.

Асылхан ЖОЛДАСҰЛЫ
16 қараша 2024 ж. 442 0