Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Зекет зияннан қорғайды

Зекет зияннан қорғайды

Зекет – исламда маңызы жоғары парыз ғибадаттың бірі. Зекет сөзі тазалық, берекет, көбею, арту, өсу сынды мағыналарды береді. Яғни, парыз болған зекетін уақытылы өтеген адамның дүние-мүлкіне береке келеді. Дүниесінің ішіндегі ең ласы тазаланады. Талап қылып өсіріп жатқан мал-дүниесінің ырысы артып, өседі. Міне, зекет ғибадатының құнды­лығы осында.
Зекет ғибадатының түпкі мақсаты мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеу болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Мал-мүліктеріңді зекет пен қорғаңдар, ауруларыңды садақамен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» деп айтқан. Қабли­са жырау бабамыз:
«Әй, мұсылман жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз.
Бірлігін Хақтың біліңіз.
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз» деген екен. Шәкәрім бабамыз: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа» деп зекеттің парыз екендігін айтқан.
Зекет беру мұсылманға ауыр көрінбеу керек, пенде баласын теріс жолға жетектеп, оң жолдан тайдырып, жақсы істен ұзақтататын ол шайтанның азғыруы екенін Шәкәрім бабамыз осы сөзімен баяндап кеткен.
Зекет сөзінің шариғаттағы мағынасына келсек, белгілі бір өлшемдегі мал-мүліктің белгіленген бір бөлігін Алла Тағаланың разылығы үшін тиісті кісінің меншігіне беру деген­ді білдіреді. Мал-дүниенің, байлық­тың белгіленген бір бөлігін Алла разылығы үшін «зекетім» деп атап тұрып, шын көңілмен беру жай нәрсе емес. Себебі берілген зекетіміз арқылы қолда қалған дүние-мүлкіміз рухани ластықтан түгел тазарып, орнына береке мен көбею келе бас­тайды.
Алла Тағала зекет құлшылығын ислам дінінің негіздерінің бірі ретінде бекітіп, оны әл-ауқатты мұсылманға парыз етіп бұйырған. Құранда: «Әрі намазды толық орындаңдар, зекетті беріңдер!» делінеді («Бақара» сүресі, 43-аят). Осы аяттан көруге болады зекеттің парыздығы намаз құлшылығымен қатар бұйырылуда. Айтпақшы, зекет сөзі Құранда жиырма жеті жерде намазбен бірге аталады екен. Мұндағы мақсат намаз оқушылардың зекет берушілерден екенін баяндаса керек.
Зекет – ауқатты, дәулетті кісінің мұқтажға беруі тиіс Алла белгілеген мойнындағы қарызы. Өмір – сынақ. Байлық та – бір сынақ. Жоқшылық пен таршылық та сынақ. Бай адамның қолындағы көл-көсір дүниенің сұрауы бар. Мәселен, қайдан тауып, қалай жұмсағандығы, адал жолмен тапты ма, жоқ арам жолдан келген дүние ме, міне, Алла алдында осындай есебі болады. Бай адам байлығының бір бөлігін кедей, мұқтаж жандарға беруге міндетті. Құранда: «Сұраған мұқтаждың немесе ар-намысынан себеп ұялып сұрай алмағанның байлықта белгілі бір хақы бар» деп келеді («Зәрият» сүресі, 19-аят). Осы тұрғыдан қарасақ, байлығы оған бір сынақ. Сондықтан жыл сайын зекетін беріп, мал-дүниені адалдан табу, берекесін сақтау өте маңызды.
Дүниесі жоқ кедей адамның да өзінің сынағы болады. Жоқшылыққа сабыр көрсете ала ма, жоқ әлде күпірлік ете ме?! Тағдырға разылығы не болмаса оның наразылығы кедейлік кезде байқалады. Адамдарға қол жайып масылдық танытпай, адал еңбек етуі сынды өзіндік сынағык өрініс беріп тұрады. Сондықтан, кедейлік сәтінде тағдырға разы болу, қиыншылыққа сабыр көрсету, дүние үшін ар-намысын сатпау, мінез-­құлқын бұзбау – Алланың разы­лығына жеткізетін амал. Қоғамда байлық пен кедейліктің болып тұруы заңдылық. Өмірде мұндай бір-біріне қарама-қайшы жағдайлардың болуы өмірдің сынақ мекені екенін аңғарт­са керек. Демек, байлық абырой емес, кедейлік қорлық емес. Бұлар жай ғана сынақ.
Егер зекет құндылығын, оның парыз болу хикметін бай мен кедей түсіне білсе, араларында кек сақтау, өшпенділік секілді жағымсыз істер жойылып, тек бір-біріне деген сүйіс­пеншіліктері артып, сыйластық­тары нығая түсер еді. Қоғамның тыныштығы бай мен кедейдің бір-бірін жете түсінуінде жатыр. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Малыңның зекетін бергенде, кедейдің өзіңнің малың­дағы ақысын төлеген боласың» деген екен.
Кедейдің ақысы зекетті дер уағында беруімен өтеле­ді. Қоғамда тыныштық орнайды. Зекетін есептеп, дәл уағында әрбір адам беретін болса, қоғамдағы кедейліктің саны азайып, қиыншылықта жүрген адамның тұрмысы әжептеуір түзеле түседі.
Зекет беру кезінде адамның нәп­сісі сыналады. Құранда: «Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар табысқа жетушілер» деп айтқан («Хашр» сүресі, 9-аят). Зекет беру арқылы адам бойындағы сараңдық сынды жағымсыз істер жойылып, жомарттық, сақилық сынды қасиеттер артады. Жоқ-жітіктерге деген мейірімі оянады.
Осындай жақсы қасиеттер адамды сауапты істерге жетелеп, дүние-мүлкінің береке­сін кіргізеді. Ардақты Пайғам­барымыз (с.ғ.с.): «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет» десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткен­ге мал-дүниесін опат ет» деп дұға етеді» деп айтқан.
Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолына түскен алтын не күмісті жақсылық іске жұмсамайынша тыныш­тық таппайтын. Тіпті қобал­жып, түн ішінде болса да, оны мұқтаж іске жұмсайтын бол­ған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлім-­тәрбиесін алған ізгілер: «Адалдың есебі, арамның азабы бар» деген қағида мен өмір кешкен. Демек, қолдағы мал-дәулет – Алланың берген сыйы әрі уақытша аманаты. Сондықтан, дүние-мүлікті нәпсі қалауымен жұмсау берекесіз іске душар етеді. Ал, шариғаттың әмірі аясында жұмсалатын болса, яғни садақа мен зекетін дер уағында бере білсе, мол сауап пен жақсылыққа жетері ақиқат.
Зекет беру біз ойлағандай жатқан шығын емес, бұл шүкіршілік болып табылады. Ал, шүкіршілікті жай тілмен емес, мүлік иесі Алланың әміріне сай зекетті өтеу арқылы білдірсе, игілігі артып, дүниесі көбейе түседі. Алла Тағала былай дейді: «Егер шүкір етсеңдер, сөзсіз, (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал күпірлік қылсаңдар, сөзсіз, Менің азабым тым қатты» («Ибраһим» сүресі, 7-аят). Зекет «мен таптым» деген күпірліктен сақтап, дүние-мүлікті берген «Алла» деген ақиқатқа жеткізеді. Зекет – дүниені жүрекке кіргізіп алудан қорғап, пенде баласын Аллаға жақындататын ғибадат.
Қ.ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы
02 желтоқсан 2024 ж. 114 0