«ХХІ ғасыр көшбасшысы»
Оқу-ағарту министрлігі «Хабар» агенттігімен бірлесіп, оқушылар арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойынын қайта жаңғыртты.
Еліміздің интеллектуалдық ойындары тарихындағы танымал жобалардың бірі – «ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны көпшілікпен қайта қауышты. Бұл бастаманы «Хабар» агенттігі Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жүзеге асырады.
Биыл қараша айында басталған іріктеу кезеңі еліміздің барлық өңірінде өткізіліп жатыр. Іріктеу кезеңі 2025 жылдың сәуір айына дейін жалғасады. Өңірлік кезеңнің нәтижесі бойынша әрбір облыстан 5 үздік оқушы республикалық кезеңге жолдама алады. Республикалық кезең 2025 жылдың наурыз-сәуір айларында Алматы қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Мұнда өңірлерден іріктелген зияткер оқушылар ел бойынша үздіктер қатарынан көрінуі үшін сынға түседі.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» зияткерлік ойыны – жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың ойлау қабілеті мен көшбасшылық қасиетін шыңдауға бағытталған бірегей жоба. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба – білім жарысы ғана емес, жас таланттарға жаңа мүмкіндік беретін алаң.
Бұл сайыстың ерекшелігі – тапсырмалардың көпқырлылығында. Жалпы, білім, логика, музыка, өнер, спорт сияқты түрлі саланы қамтыған сұрақтар қатысушылардың жан-жақты білім деңгейін бағалайды. Аудандық кезеңде қатысушыларға 45 минут уақыт беріледі. Осы уақытта олар 30 сұраққа жауап беруі керек. Уақыт шектеулі болғандықтан, тапсырмаларды жылдам әрі нақты шешу маңызды. Ал облыстық кезеңде бәсеке жоғары деңгейге көтеріледі. Мұнда 75 минут ішінде 60 сұрақтың жауабын табу талап етіледі. Бұл кезеңде оқушылардың сыни ойлауы мен жылдамдығын одан әрі шыңдай түседі.
«Бұл телеойынның оқушылардың зияткерлік әлеуетін дамытуға айтарлықтай үлес қосатынына және олардың білімге, өз-өзін жетілдіруге ұмтылуына серпін беретініне сенімдіміз. Жоба ең талантты, дарынды көшбасшыларды тануға, таңдауға септігін тигізеді», дейді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Айта кетейік, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» телеойыны «Хабар» республикалық телеарнасында алғаш рет 1999 жылы жарыққа шықты. 25 жыл ішінде ол бірнеше рет жаңарып, жоғары және кіші топтар форматында да ұсынылды. Оқушылардың білімі мен интеллектуалды дамуын арттыруға, сондай-ақ еліміздің болашақ зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға бағытталған тележоба енді Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен қайтадан өз көрерменімен қауышады.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: khabar.kz