Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық олимпиаданың I кезеңі басталды

Республикалық олимпиаданың I кезеңі басталды

Қазіргі таңда жас ұрпақтың еркін білім алып, тәуелсіз елдің еңсе тіктер азаматтарына айнаулы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Соның ішінде білім саласындағы айтулы бастамалар мен кешенді бағдарламалар бүгінде өз нәтижесін бере бастады. Міне, сондай бастаманың бірі ретінде кеше Сексеуіл кентіндегі №177 орта мекетбінде ауыл мектептерінде білім алатын 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың I кезеңі басталды. Бірегей білім бәйгесі биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Аталмыш олимпиадаға ауданымыздың 36 мектебінен 512 оқушы тіркеліп, қатысуға өтініш берген.
Шараға Арал ауданы әкімінің орынбасары Кете Төлеби Бержанов және Арал ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарова қатысты.
Биыл алғаш рет ауыл мектептеріндегі оқушыларға арнайы өткізіліп отырған олимпиада елді мекендердегі балаларға ерекше мүмкіндік беріп отыр. Аудан әкімінің орынбасары Кете Төлеби Досымжанұлы білім бәсекесінің ерекшеліктерін атап өтіп, білім саласында жасалып жатқан өзгерістерге тоқталып, олимпиадада үздіктер қатарынан көрінуге тілектестік білдірді.
– Елімізде білім саласына көп көңіл бөлінуде. Жаңадан білім ұялары ашылып, заманауи мектептер ашылуда. Аудан көлемінде 4 «Жайлы мектеп» салу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі осы Сексеуіл кентінде салынады. Мұның барлығы ұрпақ болашағына бағытталған игі істер, – деді Кете Төлеби Досымжанұлы
Одан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Нұрқожақызы өзінің құттықтау сөзін арнап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл білім сайысы ауыл мектептеріндегі оқушыларға зор мүмкіндік береді, талантты, дарынды балаларды анықтайды. Оқушыларымыз арасында білім бәсекелестігі қалыптасады. Барлық оқушыға сәттілік тілеймін, – деді Санира Нұрқожақызы.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың тікелей тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып отырған білім бәйгесінің басты мақсаты – шалғай елді мекендердегі дарынды балалардың қабілеттерін анықтап, зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдардарлануына көмектесу. Сондай-ақ оларды қолдау үшін оңтайлы жағдай жасау. І кезең қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған барлық оқушылардың 35 пайызы келесі кезеңге өткізілетін болады.
(Өз тілшімізден)

21 қараша 2023 ж. 472 0