Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада республикалық олимпиаданың аудандық, қалалық кезеңі аяқталды

Қызылордада республикалық олимпиаданың аудандық, қалалық кезеңі аяқталды

Қызылорда облыстық білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен өткізілген жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қалалық, аудандық кезеңі аяқталды.
14-21 ақпан аралығында өткізілген білім бәсекесінің аудандық, қалалық кезеңі жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы 14 пән бойынша санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, оффлайн форматта өткізілді. Олимпиадаға облыс көлемінде 9-11 сынып бойынша 5488 оқушы қатысуға өтініш білдірген. Оның ішінде белгілі себептермен 346 оқушы қатыса алмаған.
Айта кетейік, биылғы олимпиаданың басты ерекшелігі оқушылар «1 оқушы, 1 компьютер, 1 камера» қағидасы бойынша «Oqylyq.kz» платформасы арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар олимпиада кезінде ашықтық пен академиялық адалдықты бақылау үшін мүдделі емес «үшінші тұлғалар», яғни «Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің қызметкері, ата-аналар комитетінің өкілдері, журналистер, ғалымдар шақырылды.
Сондай-ақ, «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының мамандары аудандарға да бақылаушы ретінде жіберілді. Олимпиада өткізілетін аудиторияға, әділқазылар жұмыс орындарына камералар орнатылып, тікелей эфир арқылы көрсетілді. Бейнебақылау операторлық орталығының YouTube видео хостингтік жүйесімен олимпиаданың жүргізілуі бақыланды.
Білім додасына оқушылар пәндер бөлінісі бойынша уақытпен кіргізілді. Оқушылардың жауап парақтары сканерленіп, Орталық қызметкерімен шифрланды. Сканерленген жұмыстардың көшірмесімен аудандық, қалалық білім бөлімдері және «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ресми сайтында сілтеме арқылы кез-келген тұлға таныса алатындай жарияланды. Сонымен қатар оқушыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ұялы телефон ұстамау, интернет сайтқа кірмеу қажеттігі алдын ала ескертілді. Алайда, олимпиада барысында аталған ережелерді бұзған 9 оқушыға акт толтырылды.
Олимпиаданың қорытындысы бойынша І орынды 382 оқушы, ІІ орынды 441 оқушы иеленсе, ал 800 оқушы ІІІ орынға ие болған. Жалпы облыстық кезеңге аудандық, қалалық мектептер және облыстық мамандандырылған мектептерден барлығы 363 бала облыстық кезеңге қатысады деп жоспарлануда.

kyzylorda-news.kz
24 ақпан 2022 ж. 410 0