Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 4)тармағымен айыпталған К-ның  қылмыстық ісі қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы К. жәбірленуші А-ны алдап, «Kaspi bank» қосымшасы арқылы ақшасын аударып, шешіп алайын деген желеумен ағымдағы жылдың тамыз айының 5 және 11 күндері соңғының ұялы телефонын сұрап алып, оған жүктелген «Kaspi bank» қосымшасына кіру арқылы атынан несиелер рәсімдеп, жәбірленушінің және өзінің әрекетінен бейхабар Е-ның кәртішкелерімен ақшаны терминал арқылы шешіп алып, жеке бас пайдасына жаратқан.
Осылайша, ол ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау жолымен  бөтеннің мүлкін иемденіп, алаяқтық қылмысын жасаған. К-ның қылмыстық іс-әрекеттері нәтижесінде жәбірленуші А-ға 1 600 000 теңге материалдық шығын келтірілген.
Алайда, жәбірленуші А. сотқа жазбаша арыз беріп, қазіргі таңда сотталушымен өзара татуласқанын, қояр талап тілегі жоқ екенін, келтірілген залал толық қайтарылғанын, кешірім беретінін, қылмыстық істі тоқтатып, оны қылмыстық жауаптылықтан  босатуды сұраған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде сотталушы К. ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылды.
Қаулы заңды күшіне енбеген.
Арал аудандық соты

Сурет: qarmaqshy-tany.kz
11 желтоқсан 2024 ж. 99 0