Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәбірленушілерді алдау жолымен несие рәсімдеген азамат бас бостандығынан айырылды

Жәбірленушілерді алдау жолымен несие рәсімдеген азамат бас бостандығынан айырылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4)тармағымен айыпталған К-ның қылмыстық ісі қаралып, айыптау үкімі шығарылды.
Сотталушы К. Арал аудандық сотының 2023 жылғы 12 сәуірдегі үкімімен ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен сотты болып, бас бостандығынан шектеу жазасында жүріп, одан еш нәтиже шығармай, ауыр санаттағы төмендегідей қылмысты жасаған.
Атап айтқанда, К. «Kaspi bank» қосымшасы арқылы ақшасын аударып, шешіп алайын деген желеумен жәбірленушілердің ұялы телефондарын сұрап алып, ондағы банк қосымшалары арқылы олардың аттарынан несиелер рәсімдеп, өзінің әрекетінен бейхабар адамдардың көмегімен ақшаны терминал арқылы шешіп алып, жеке бас пайдасына жаратқан. К-ның қылмыстық іс-әрекеттері нәтижесінде жәбірленушілер Т.-ға 1 780 834 теңге, Б.-ға 500 000 теңге, Т.-ға 306 000 теңге және А.-ға 800 000 теңге материалдық шығын келтірілген.
Сотталушының қылмыстық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған жауабымен,  жәбірленушілердің жауаптарымен, банктік анықтамалармен, аударым түбіртектерімен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен  дәлелденген.
Сот үкімімен К. ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі 4)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Арал аудандық сотының 2023 жылғы 12 сәуірдегі үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, оған түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Қылмыспен келтірілген шығындар жәбірленушілер пайдасына өндірілген.
Сондай-ақ, пробация қызметі тарапынан сотталушыға бақылау мен тиісінше  профилактикалық шаралар  жүргізілмей,  бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеушінің қайталап қылмыс жасауының алдын алу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жеке қаулылар қабылданған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сот залынан Оңталап ЖОЛДАСОВ
07 қазан 2024 ж. 151 0