Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыстардың қайталануы танылды

Қылмыстардың қайталануы танылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағымен айыпталған Ж-ның қылмыстық ісі қаралып, айыптау үкімі шығарылды. Сотталушы Ж. сот үкімімен төмендегідей қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған. Атап айтқанда ол, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адам бола тұра, түзелу жолына түспей, ағымдағы жылдың 27 шілдесінде жәбірленуші М-ның тұрғын үйіне терезесін бұзу арқылы заңсыз кіріп, тұрғын үйдің жатын бөлмесінде тұрған «Canon» үлгідегі принтерін жасырын жымқырып, жәбірленушіге мүліктік залал келтірген.
Сотталушының қылмыстық әрекеті кінәсін мойындаған жауабымен, жәбірленушінің жауаптарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденген.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның ауыр қылмыс жасауы қылмыстардың қайталануы деп танылады.
Қылмыстардың қайталануы жағдайында жаза тағайындау кезiнде бұрын жасалған қылмыстардың саны, сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, оның алдындағы жазаның түзету ықпалының жеткiлiксiздiгiне себеп болған мән-жайлар, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi ескерiледi.
Сотталушыға жаза тағайындау кезiнде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар ретінде, сот оның кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкiнуін таныса, қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстардың қайталануын таныған.
Сот үкімімен Ж. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабы 3-бөлігі 3)-тармағымен кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу белгіленген.
ҚК-нің 14-бабы 1-бөлігіне сәйкес Ж-ның қылмыстық әрекеті қылмыстардың қайталануы деп танылды.
Арал аудандық соты
21 қараша 2023 ж. 436 0