Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» Қылмыс жазасыз қалмайды

Қылмыс жазасыз қалмайды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 3) тармағымен айыпталған Е-ның қылмыстық ісі қаралып, айыптау үкімі шығарылды.
Сотталушы Е. сот үкімімен төмендегідей қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған. Атап айтқанда, Е. «ALTYN» сауда үйінің ішінде тұрған «24 касса» терминалынан ақша ұрлау ниетін іске асыру мақсатында, 24 наурыз 2023 жылы сағат 06-лар шамасында, өзімен бірге ала келген шеге суырғышымен сауда үйінің артқы бетіндегі дүкенге кіретін қойма есігін бұзып ашып, дабыл қондырғысының белгі бергеніне қарамастан сол есік арқылы сауда үйіне заңсыз кіріп, онда тұрған жәбірленуші Г-ға тиесілі «24 касса» терминалының темір есігін бұзып ашып, ішіндегі 271 500 теңгені жасырын жымқырған.
Сотталушының жоғарыда көрсетілген қылмыстық әрекеті сотта өзінің қылмысын мойындап берген жауабымен, жәбірленушінің жауаптарымен, сондай-ақ оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, бейнекамераны қарап тексеру хаттамасымен толық дәлелденген.
Сот үкімімен сотталушы Е. Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағымен кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.
Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларға сот оның кінәсін толығымен мойындап, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінуін, бұрын сотты болмағанын, жас балаларының болуын, келген залалды толық қайтарғанын, сондай-ақ жәбірленушінің кешірімін жатқызған.
Сот үкімі апелляциялық сот алқасында қаралып, заңды және негізді болғандықтан күшінде қалдырылды.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

---
29 мамыр 2023 ж. 244 0