Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мал ұрлығының жазасы қатаң

Мал ұрлығының жазасы қатаң

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен, мал ұрлау, яғни бөтеннің малын мал қораға заңсыз кіру арқылы жасырын жымқыру дерегі бойынша айыпталған А-ның қылмыстық ісі қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы А. бөтеннің малын жасырын жымқырып пайда табу мақсатында, алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде азамат Ж-ның ауласында орналасқан мал қораға заңсыз кіріп, 1 бас қой малын жасырын ұрлап, жәбірленушіге мүліктік шығын келтірген.
Сотталушының қылмыстық әрекеті сотталушының айыбын мойындаған жауабымен, жәбірленушінің, куәлардың жауаптарымен, беттестіру хаттамасымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен толық дәлелденген.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес бұл қылмыстық әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Сот үкімімен А. ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркілеусіз, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленген.
Айта кету керек, Қылмыстық кодексіне өзгеріс енгізіліп, 2020 жылдан бастап мал ұрлығына қатысты жаңа 188-1 бап енгізіліп, жазасы қатаңдатылған болатын. Онда мал ұрлаушы мүлкі тәркілене отырып, 5 жылға дейін, ал алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған не ірі мөлшерде жасалған жағдайда 7 жылға дейін, бірнеше рет жасаған не тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған жағдайда 10 жылға дейін, қылмыстық топ жасаған не аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
19 сәуір 2022 ж. 547 0