Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткі затын егіп-өсіргені үшін бас бостандығынан айырылды

Есірткі затын егіп-өсіргені үшін бас бостандығынан айырылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 2-бөлігінің 3)тармағымен айыпталған Ж-ның қылмыстық ісі қаралып, айыптау үкімі шығарылды.
Сотталушы Ж. сот үкімімен төмендегідей қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған. Атап айтқанда, Ж. 2023 жылдың наурыз айынан бастап үйінің ауласында құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін ірі мөлшерде заңсыз егіп өсірген. Өсірілген 9 түп сора өсімдігінің жалпы салмағы 4,600 граммды құраған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Сотталушының қылмыстық әрекеті өзінің кінәсін мойындаған жауабымен, куәлардың жауаптарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен және іс бойынша басқа да дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденген.
Сот үкімімен Ж. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 2-бөлігінің 3) тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 шілдедегі №470 қаулысымен бекітілген «Заңсыз айналымда жүргені анықталған есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды шағын, ірі және аса ірі мөлшерге жатқызу туралы» жиынтық кестесіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 20 наурыздағы №240 қаулысымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бұған дейін құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған сора өсiмдiктерiнің мөлшері өсірілген түп санымен анықталып, жоғарыда аталғандай қылмыстар онша ауыр емес санаттағы қылмыс ретінде Қазақстан  Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының  1-бөлігімен сараланып келген болатын.
Соңғы өзгерістерге сай, өсiруге тыйым салынған сора өсiмдiгінің мөлшері, оның жалпы салмағымен айқындалып, мұндай тұрғыдағы қылмыстық әрекеттер ауыр санаттағы қылмыстар қатарына жатқызылған.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
30 қазан 2023 ж. 363 0