Түтін тұзағы: Электронды темекі өміріңізді қалай бұзады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет» деген еді.
Бүгінгі таңда вейп немесе электронды темекі әлемдік деңгейде кеңінен танылып, шылым шегудің баламасы ретінде қарастырылып жүр. Заманауи технологиялар дәстүрлі шылымды қолданудан бас тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынғанымен, вейптің қоғамға тигізер пайдасы мен зияны туралы пікірталас толастамауда. Бұл мақалада вейптің пайда болу тарихы, оның денсаулыққа әсері, Қазақстандағы вейп шектеулері мен жастар арасындағы танымалдылығы туралы қозғаймыз.
Вейп (ағылшын тілінен “vape” – булану) 2003 жылы қытайлық Хон Лик есімді инженердің бастамасымен ойлап табылды. Оның мақсаты – дәстүрлі шылым шегудің зиянын азайтып, никотинді қолданудың баламалы әдісін ұсыну болды. Вейп сұйықтықты қыздыру арқылы бу түзеді, ал бұл бу шылым түтініне ұқсас әсер береді. Алайда, алғашқы идея қаншалықты игі болғанымен, бүгінгі таңда оның денсаулыққа кері әсері айқындала бастады.
Көптеген вейп сұйықтықтарында никотин бар. Бтәуелділіктің артуына ықпал етіп, әсіресе, жасөспірімдер арасында никотинді тұтыну көбейгені байқалды. Оның құрамындағы иістендіргіштер мен химиялық заттар өкпе ауруларына себеп болуы мүмкін. 2019 жылы АҚШ-та “вейпингке байланысты өкпе аурулары” 2000-нан астам жағдай тіркеліп, 68 адам қайтыс болды. Вейптің денсаулыққа ұзақ мерзімді әсері толық зерттелмеген. Десе де алғашқы деректер оның жүрек-қан тамырлары ауруларына ықпал ететінін көрсетеді.
Жастар арасында вейптің танымалдылығы артып, түрлі түсті құрылғылар мен тәтті хош иістер жасөспірімдерді қызықтырды. Әлеуметтік желілер, яғни TikTok, Instagram сияқты платформаларда вейп сәнділік белгісі ретінде насихатталды. Сол уақыттан бері Қазақстанда оған қатысты пікірлер екіге бөлінді. Бірі оны темекіге қарағанда зиянсыз деп санаса, басқалары жасырын қауіп ретінде көреді. Ал денсаулық сақтау ұйымдары электронды темекіге қатаң бақылау қажет екенін алға тартады. Ол үшін денсаулыққа әсері туралы білім беру бағдарламаларына енгізіп, интернет арқылы вейп сатылымын шектей отырып, бұл құрылғының ұзақ мерзімді әсерлерін анықтау үшін ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек.
Қазақстанда оны қолдану қарқынды түрде өсіп, бұл мәселе мемлекеттік деңгейде талқыланды. 2024 жылдың қаңтарынан бастап елімізде өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салынды. Бұл қадам жасөспірімдер мен жастар арасында электронды шылымға деген сұраныстың артуымен байланысты болды. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда соңғы жылдары вейп қолданған жастар саны 30%-ға артты. Елде екі жыл ішінде 3 миллионнан астам вейп құрылғысы импортталып, жасөспірімдердің 15%-ы кем дегенде бір рет шегіп көрген.
2023 жылдың желтоқсанында қабылданған заң аясында заңсыз вейп саудасымен айналысқандар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл шаралар қызығушылықты азайтып, елде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Түйін:
Вейптің зиянын оның сәнді құрылғы ретінде танылуы жоймайды. Оның денсаулыққа, қоғамға және қоршаған ортаға тигізер кері әсері айқын. Қазақстандағы қатаң шектеулер өмір жолына немқұрайлы қарамауды насихаттауға және жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағдар болған маңызды қадам. Әрбір азамат өзінің және жақындарының денсаулығы үшін жауапкершілікпен қарауы тиіс.
А. ЖОЛДАСҰЛЫ
Сурет: egemen.kz