Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен айыпталған М-ның  қылмыстық ісі қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы М. жәбірленуші Ж-ның үйінде жұмыс жасап жүріп, 4 қапқа салынған салмағы 30 кг «ешкі» малының түбітін, 4 кг «мыс» сымдарын жасырын жымқырып, жәбірленушіге 800 000 теңге мүліктік шығын келтірген.
Алайда, жәбірленуші Ж. сотқа жазбаша арыз беріп, қазіргі таңда сотталушымен өзара татуласқанын, қояр талап тілегі жоқ екенін, келтірілген залал толық қайтарылғанын, кешірім беретінін, қылмыстық істі тоқтатып, оны қылмыстық жауаптылықтан  босатуды сұраған.
Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде сотталушы М. ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс өндірістен тоқтатылды.
Арал аудандық соты
24 желтоқсан 2024 ж. 125 0