Жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды

Сотта анықталғандай, сотталушы Қ. ағымдағы жылдың 17 шілдесі күні «Toyota Avensis» автокөлігін басқарып келе жатып, «Жол жүрісі қағидаларының» 5.3 және 72-тармақтарының талаптарын бұзып, жол жиегінде жиналған қоқыстарды тазалап жүрген азаматша М-ға соғып, абайсызда жол көлік оқиғасын жасап, жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiрген.
Алайда, жәбірленуші М. келтірілген зиян өтелгендігін, қояр талап-тілегі жоқ екенін, сондықтан сотталушымен татуласуына байланысты қылмыстық теріс қылық туралы істі тоқтатуды сұрап сотқа өтініш келтірген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде, сотталушы Қ. қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, ісі өндірістен тоқтатылды.
Арал аудандық соты