Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация тараптарды татуластыруға мүмкіндік берді

Медиация тараптарды татуластыруға мүмкіндік берді

Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігімен айыпталған К-ға қатысты қылмыстық іс медиация тәртібімен тоқтатылды.

Іс құжаттарына сәйкес,сотталушы К. 2020 жылдың 1 қараша күні сағат 21:45 шамасында, өзінің басқаруындағы «BMW-523» маркалы автокөлігін басқарып келе жатырып, Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидасының 14.1 тармағының талаптарын бұзып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ бойымен өтіп бара жатқан азаматша Т-ға айнасымен соғып, денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтірген. Қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұл қылмыстық әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
Алайда, сотқа тараптар кәсіби медиатормен бекітілген дауды реттеу жөніндегі медиативтік келісімді ұсынған. Келісімде сотталушы мен жәбірленушінің медиация тәртібімен татуласқаны, жәбірленушінің сотталушыға ешқандай талап қоймайтындығы көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Осының негізінде, сотталушы жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, ісі өндірістен тоқтатылды.
Арал аудандық сотының
баспасөз қызметі
29 желтоқсан 2020 ж. 405 0