ARAL ANIMATORY: Құлыншақтардың қуанышы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті дамытуға ерекше мән беріп, бұл саланың ел экономикасындағы рөлін жиі атап өтеді. «Біз экономиканың өсімін кемінде 6-7 пайызға жеткізуіміз керек. Ол үшін бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет. Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жеке меншіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде кәсіпкерлер өздеріне жүктелген міндетті, атап айтқанда салық төлеу, экономикаға инвестиция құю, жұмыс орындарын ашу, қызметкерлеріне қолайлы еңбек орта қалыптастыру секілді міндеттерді адал орындайды» деп айтуынан-ақ елдегі шағын және орта бизнестің маңыздылығын аңғаруға болады.
Келе жатқан жаңа жыл – кәсіпкерлер үшін ерекше маусым. Бұл кезеңде сауда-саттық көлемі артып, халықтың сұранысы күрт өседі. Дүкендер, мейрамханалар, ойын-сауық орындары және қызмет көрсету салалары мерекелік атмосфераны пайдаланып, табысты арттырудың жаңа жолдарын іздейді. Әсіресе Аяз ата мен Ақшақарды, олардың сыйлығын күтетін балғын көңіл балалардың қуаныш пен шаттыққа толы ерекше мейрамы. Осындай сәтте балалардың көңілін көтеріп, қызықты атмосфера жасап, әрбір баланы қуантатын аниматорлар – тек ойын-сауық ұйымдастырушылар емес, олар – нағыз сиқыршылар.
Жаңа жыл қарсаңында ауданда осы саланың негізін қалаушы, «Aral animatory» бизнесінің басшысы Талғат Есентүгелұлы өз жұмысымен таныстырған болатын.
- Жалпы балалар аниматорының жұмысын 2017 жылдан бастадық. Ол кезде Аралда аниматорлар жоқ. Алғаш рет Қызылорда қаласындағы ойын-сауық орталығында өз балаларымның олармен бірге ойнап, қатты қызыққанын байқадым. Содан жарыммен ақылдасып Аралға да аниматор әкеліп, мерекелерде шоу жасауға, құттықтауларға тапсырыс қабылдай бастадық.
- Әрине, қай істің де оңайы жоқ. Өз қаражатыңнан жасалған дүние болғаннан кейін бірнеше тапсырыстан пайда табамын деп те үміттенбейсің. Десе де біздің басты мақсатымыз – тапсырыс берушіге қаржылық салмақ салмайтын, бір-біріне ұқсамайтын ерекше сценаримен құттықтап, баланың да, үлкеннің де көңілін көтеру, қуаныш сыйлау. Қазір тұрақты клиенттеріміз бар, аудандық деңгейде түрлі шараларға белсене қатысамыз, бұл саладағы жетекші бизнес нысанымыз деп айта аламын, – деп бөлісті ол.
- Қазіргі таңда аниматорлар жұмысын Есентгүгеловтер отбасы жүргізеді. Талғат мырзаның қызы тапсырыс алып, оны ұйымдастырумен айналысса, жары сценарий жазады, ал ұлдарына аниматор киімдерін киіп, балаларды ойнату, музыкалық әрлеу жүктелген.
- Балалар күні мен жаңа жыл – тапсырыстың көп болатын шағы. Себебі барлық ата-ана балаларының қуанып, өздеріне арналған мейрамды қызықты қарсы алғанын қалайды. Кейде мектептерден, балабақшалардан тапсырыс түседі. Аудан көлемінде де көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, солардың бәріне қатысуға тырысамыз.
- Сонымен қатар қайырымдылық қорларымен де тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Олардан жылына көбінде 5-6 ұсыныс түсіп тұрады. Жақында ғана «Үміт» қайырымдылық қорының жеке кешіне барып келдік. Және жаңа жыл қарсаңында да бірнеше мекемеге қуаныш сыйладық.
- «Бар жақсылық балаларға» дейді ғой. Өзіміз де ата-ана болғаннан кейін үнемі ерекше өткенін қалап тұрамыз. Мезгіл сайын жаңа киімдер алдырту, балалар қызығатын көпіршік шоулар, флешмоб билер, тәтті сыйлықтар мен өнер көрсету кештері үнемі назарда. Аяз ата мен Ақшақар, аюлар, Дисней ханшайымдары мен Марвелл батырларына тапсырыс көп. Халық сұранысын барынша орындауға тырысамыз, – дейді Галия Айбусынова.
- Және ең қызығы кештерде пайдаланатын аниматорлық киімдер 2023 жылдан бастап Галия ханымның бастауымен қолдан тігілетіні. Ол туралы:
- Бизнесті дамыту жолында балалар қызығушылығына қарай дайын киімдерді сатып алып жаңарту тиімсіз екенін байқадым. Сондықтан Шымкент қаласына барып арнайы оқу оқып келдім. Онда киімдердің үлгісін сызып, қолдан тігуді үйреніп, бүгінде барлық киімдер өз қолымнан шығып отыр. Кейде пайдаланбайтын аниматор киімін тиімді бағада сатылымға шығарып немесе жалға беремін. Ол да болса бизнеске көп көмегін тигізіп отыр, – деді бизнес иесі.
- Балаларға шаттық сыйлап жүрген Есентүгеловтер отбасының бизнесіне бүгінде сұраныс жоғары. Аниматорлар – балалар мерекесінің жүрегі. Оның әрбірі балалар үшін нағыз сиқыр мен қуаныш әлемі. Сондықтан аниматорлардың еңбегі ерекше бағалануға лайық. Олар балалардың бақытты сәтін жасау үшін өз ісіне шынайы берілген жандар.
- Гүлмарал САҚТАПОВА