Сақ болыңыз, метапневмовирус!
Кейінгі кезеңде қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында бұрын-соңды соншалықты таныс емес, кең тарала қоймаған метапневмовирус сырқаты туралы алып-қашпа әңгіме көбейіп тұр. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі Жедел респираторлық вирустық инфекцияларға жататын метапневмовирустың (MPV) әлемде таралуына қатысты түсініктеме берді.
Ведомство адамның метапневмовирусы көптеген елдерде ондаған жыл бойы таралып келе жатқан классикалық вирустардың бірі екенін, вирустың белгілері елімізде ЖРВИ, тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі кезеңінде белсенді таралатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталғанын атап өтті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, эпидемиялық маусым басталғаннан бері елімізде тұмауға жатпайтын вирустарға қатысты 8360 үлгі зерттелген. Оның ішінде 1866 (22%) оң сынама анықталды, ең көп таралғаны риновирус – 680 (36,4%), содан кейін МС вирус – 433 (23,2%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%), паратұмау – 178 (9,5%), бокавирус – 113 (6,1%), метапневмовирус – 30 (1,6%).
Метапневмовирус (MPV – Metapneumovirus) – адамдарда тыныс алу жолдарының инфекцияларын тудыратын вирус, метапневмовирус отбасы (Metapneumoviridae) мен пневмовирустар тұқымдасына жатады. Бірінші рет 2001 жылы анықталды. Әдетте күз, қыс айларында көбірек таралады. Метапневмовирус – адамда респираторлық инфекциялар тудыратын вирустық патоген. Ол тұмау тәрізді аурулар мен жедел респираторлық инфекциялар белгілерін тудырады. Көбінесе төменгі тыныс алу жолдарын зақымдайды, бұл бронхит, пневмония, респираторлық дистресс синдромына (ARDS) әкелуі мүмкін.
«Метапневмовирус негізінен ауа, тамшылар арқылы, сирек жағдайда тұрмыстық байланыс арқылы беріледі. Инфекцияның негізгі белгілері – жөтел, тамақтың қызаруы, мұрынның бітелуі, дененің қызуы, әлсіздік, шаршау, бас ауруы, ауыр жағдайларда — пневмония, бронхит, тыныс алу қиындықтары. Нақты емі жоқ, сондықтан симптоматикалық ем қолданылады», деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Қазірде елімізде ЖРВИ, тұмаумен сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі тіркеліп отыр. Өткен жылдың 1 қазанынан бастап республикада ЖРВИ-дың 2 002 335 сырқаты, зертханалық расталған тұмаудың 941 сырқаты, оның ішінде А үлгілі тұмаудың 910 жағдайы (H1N1), А (H3N2) бір жағдай, В тұмауының 30 жағдайы тіркелді.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты алдын алу шараларын сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады. Жалпы, метапневмовирус инфекциясын ерте сатысында анықтау өте маңызды. Егер адамда тыныс алу жолдарының ауруларының белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралуы керек. Медицина қызметкерлері симптоматикалық ем жүргізіп, инфекцияның таралуын тоқтатуға жәрдемдеседі. Метапневмовирус – респираторлық аурулардың таралуына себеп болатын вирус, әсіресе балаларда және иммундық жүйесі әлсіреген адамдарда ауыр сырқаттарға әкелуі мүмкін. Вирусқа қарсы вакцина болмағандықтан, алдын алу шараларының маңызы зор. Жеке гигиенаны сақтау, науқастармен байланысудан аулақ болу, қоғамдық орындарда бетперде тағу, үйді жиі тазалап отыру сияқты шаралар инфекцияның таралуын азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар иммунитетті нығайту, дұрыс өмір сүру салтын ұстану метапневмовирус инфекциясына қарсы тұруда маңызды рөл атқарады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қытай вирустық аурудың – адамның метапневмовирусының жаңа өршуіне тап болды деп хабарланған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, вирус бұл елде тез таралып жатыр, ауруханалар осы сырқатқа душар болған пациенттерге толып кеткен.
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: www.facebook.com