Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Табиғат" шаһары

"Табиғат" шаһары

Есірткі туралы ертегі
     Ерте, ерте заманда аты әлемге кеңінен жайылған Табиғат деген өте  керемет  бір шаһар  болыпты.  Бұл  шаһарда неше түрлі өсімдіктер, алуан-алуан жеміс ағаштары, қарасаң көздің  жауын алатын, әсемдігі бірінен-бірі асып түсетін гүлдер өмір сүріпті.  Бұлардың барлығы осы Табиғат шаһарында өте бақытты, бір-бірімен тату, дос болып тіршілік етіп жатады. Жоғарыдан  нұрын  шашып тұратын күннің өзі, бұл шаһардағы  әдемілікке, сұлулыққа  кеш батқанша  тамсана, қызыға қарап тұра беретін. Осылайша бақытты күндер өтіп жатыр. Бірақ  бұл жердің аспанын, шуағын шашқан күннің бетін қара бұлт торлайтынын ешқайсысы сезбеді, тіптен ойларына да кірмеді.  Бір күні Табиғат шаһарында өмір сүріп жатқан тіршілік иелерінің арасында түрі    бөлек , сұсты бір тіршілік иесі , яғни «шөп» пайда болады. Олар көбейе  бастайды. Бұл қандай шөп екенін ешқайсысы білмеді. Бірақ бұл шөптер сол шаһардағы басқа тіршілік иесімен араласпай, сөйлеспей, өз алдарына өмір сүрді және күннен –күнге көбейе түсті.  Бұл  «Есірткі» деген зұлым шөп еді. Бұл шөптер әбден өсіп, көбейіп, шаһардың тең жартысын  жайлап алғаннан кейін, арам ойларын іске асыруға көшті. Ақырындап көшеге шығып, жан –жақтарына  қарап, басқа өсімдіктермен, гүлдермен араласа бастады.  
     Бір күні Есірткі өте керемет болып, жайқалып жүрген   Гүлдерді үйіне қонаққа шақырады.  Дастарханды  неше түрлі дәмді тағамдармен  толтырып қойыпты. Жайқалған  Гүлдер мәз-мейрам болып дастарханға отырып, тамақтана бастайды. Өздерінше Есірткінің қонақжайлылығына риза болып отыр.  Біраз уақыт  өткеннен кейін Гүлдердің мінездері өзгере бастайды, өздерінен –өздері күліп, айқайлап,  ашуланып,  тіптен бір – бірімен төбелесіп кетеді.  Ал, бұлардың қылықтарын  Есірткі  рахаттана күліп, тамашалап отыра береді. Арам ойының іске асып жатқанына дән риза .  Гүлдер  рахметтерін айтып үйлеріне қайтады, бірақ бар ойлары қайтадан Есірткінің қонағы болу еді. Осылай  Гүлдер  жиі-жиі Есірткінің  қонағы бола бастайды.  Бірақ жайқалған, әсем Гүлдердің ажары кетіп, жапырақтары түсіп, хош иістері шықпай,  солып, тікенек гүлге айналады.Бұларды ештеңе  қызықтырмайды, сыртқа шықса  күннің күннің көзінен таса , қараңғы жерге тығылады, тек қана есірткінің жанынан кеткілері келмейді. Ол жерге бармауына ескерту жасаған жеміс ағаштарын жақтырмай, неше түрлі жаман сөздер айтып, өздерінен аулақ жүрулерін сұрайды. Олар Есірткіні ғана шын дос деп қабылдап кете барды. Бірақ  Гүлдердің  бұл қылықтарына, қатты айтқан сөздеріне  достары ренжімеді, керісінше  осыншама қиын жағдайға түскеніне   барлық өсімдіктер,жеміс ағаштары да алаңдай бастайды.  Қалайда Гүлдерді қалпына келтіруді ойлады.  Қайтадан құлпырып өсуіне бар күш –жігерлерін салады,  гүлдердің  бұлай  солып қала  беруіне жол бермеуге тырысады. Ол үшін ең бірінші  Есірткі деген зұлым, арам шөптің көзін құртуды жоспарлайды.  Сонымен іске кіріседі. Олар ерінбей , шаршамай шаһарда өсіп тұрған  әрбір Есірткіні түп-тамырымен жұлып, шаһардан алыс жерге апарып өртейді.  Табиғат  шаһары  Есірткіден  тазарады.  Ал, гүлдерді  таза ауаға шығарып, тамырына  су құйып,  күннің нұрына шомылдырады.  Уақыт өте келе Гүлдер де  бойларын тіктеп,  қайтадан гүлдеп, хош иістері бұрқырап ,  әдемілене бастайды. Әбден өз –өздеріне келіп, құлан таза айығады.   Есірткі деген бәледен құтқарып , арашалап қалған достарына рахметтерін айтып , ризашылықтарын білдірді.  Енді бұдан  былай танымайтындармен араласпау керек екенін, ешкімге сенбеу керек екенін Гүлдер ұққандай болды.  Және де өздерін  жамандықтан құтқарған  достарының барына қатты қуанды, олардан кешірім де сұрады.   Әрбір тіршілік  иесінің тағдыры  тек қана өз қолында екенін және өзінің мінезіне, тәрбиесіне, түсінігіне байланысты екенін түсінді.
      Міне, осылайша аспанын қара бұлт басқан Табиғат шаһарын күннің  сәулесі қайтадан нұрландырып  жібереді  және  бәрі  қайтадан бақытты өмір сүре бастайды.
      Әрбір адамның тағдыры өз қолында екенін ұмытпайық!
      Жаман әрекеттерден аулақ болайық!
Айдын Дулатқызы,
№ 60 Ж.Түменбаев атындағы орта мектебі
6 сынып оқушысы
Сазды ауылы
15 қаңтар 2025 ж. 208 0