Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айбек жайлы айтар көп

Айбек жайлы айтар көп

«Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлердің атына атап, оларды куә ете отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін» деп аталатын сөздер бұл саланың мамандарына жақсы таныс болар. «Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін, сонымен қатар, әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде, ілімде де таза әрі адал боламын» дейді бүгінгі қоғамның қасіретіне қарсы көзқарас ұстанып, ант еткен дәрігерлер.
Иә, білімі мен білігі, қабілеті мен қарымының арқасында халықтың құрметіне бөленген ақ халаттылар аз емес. Көмегіне мұқтаж, дертіне дәру іздеп, алдына жылап барған жанға күлкі сыйлап, сырқатынан сауықтырып жүрген талайды көрдік. Міндеті ғой дерміз. Алайда антқа адалдық оңай емес. Жан үшін күрескен «күрескерлердің» жағына шығып, жанына араша болу тек солардың қолынан келер.
Ақ халаты мен абыройына дақ түсірмей келе жатқан жандардың қатарында Айбек Қанатбаев та бар. Қызылорда жоғары медициналық колледжіне 2013 жылы емдеу ісі мамандығына түсіп, 2017 жылы бітіріп шыққан ол сол жылы Алматы қаласы жедел жәрдем ауруханасына травматология бөлімшесіне қызметке қабылданып, абыройлы еңбек еткен. 2021 жылдың шілде айынан бастап «Байтұрсынов» емханасында аймақтық мейіргер болып қызмет ақтаруда.
Міне, елге оралғалы істеген жұмысы мен жасаған жақсылығы бізге мәлім. Күн-түн демей көмекке ұмтылып, үлкен-кішінің алғысын алып келе жатқан Айбек баламыздай болып кетті. Тіпті қажет кезде жеке көлігімен емханаға жеткізіп, көмегін аямайды.
Осы тұста мына бір ғибратты әңгіме есіме түсіп отыр. Мекке азат етілгенде Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) әкесі ислам дінін қабылдайды. Бұл кісі өзінің ислам дінін қабылдағанын жариялау үшін, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) алдына баруды ниет етеді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Бәкірге: «Әкеңіз үйде отырсын, біз оған барайық» дейді. Міне осы оқиғадан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлкен кісіге қалай құрмет білдіргенін көреміз.
Міне, дәл осылай үлкенге ізет көрсетіп жүрген азамат жайлы жазбай отыра алмадым. Үлкенді құрметтеу мұсылман қоғамында жоғары орынға ие. «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген халық даналығы да осының айқын көрінісі емес пе?!
2021 жылы отбасын құрып, қазіргі таңда бір ұл, бір қыз өсіріп отырған азаматтың жары Айгерім Ілиясова да қазіргі таңда «Шағала» бөбекжай-бақшасында жұмыс істеп, баланың бақыты үшін барын салып жүрген жан. Жай та болса жақсылыққа жаны құштар Айбектің болашағынан күтеріміз көп.
Жанар БАРБОСЫНОВА,
«Толқын» газеті редакциясының ардагері
18 қаңтар 2025 ж. 33 0