«Қыз алып қашудың» жазасы қатаң
Әлем елдері дамудың даңғыл жолына түсіп, демократиялық саясатқа бағыт алып жатыр. Бұған сәйкес қоғам да жаңғырып, өркениеттер көшіне қадам басып келеді. Ал біздегі көзі ашық, көкірегі ояу жастардың арасында өткеннің жұрнағын өз ыңғайына қарап өзгертуге құмарлар бар. Әсіресе әйел құқығын қорғаудың маңызы арта түскен тұста қыз балалар қой секілді өңгеріліп, өзге үйдің босағасында «бас бостандығынан айырылып» жатыр. Былтыр Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мұндай қараңғылыққа тосқауыл қою қажеттігін қадап айтқан еді.
Мемлекет басшысы сол кезде «Қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс», деді.
Артынша көпшіліктің ой-пікірі ескерілді ме, Адам құқығы жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Қылмыстық кодекске «Неке қию мақсатында адамды ұрлау» деген 125-1-бапты енгізу туралы ұсынысын жолдаған. Оның айтуынша, кейінгі үш жылда қызды алып қашуға қатысты 214 қылмыстық іс тіркеліпті. Алайда сол істердің 90 пайызы екі тараптың келісімімен тоқтап, жабылып қалған. Өкініштісі, осы жылдар ішінде 300 әйел адам зорлық-зомбылықтан көз жұмған. Тағы 2 мыңға жуық әйелдің денсаулығына ауыр және орташа зиян келтірілген. Осы тұста біздің елде үйдегі жуан жұдырықтан таяқ жеген әйелдердің басы жарылып, қолы сынып жатса да орташа зиян келтірген болып есептелетінін ескеру артық етпейді.
Негізі қыз алып қашқандарды қолданыстағы заң арқылы тәртіпке шақыруға болар еді. Себебі қазірдің өзінде мұндай қылмысқа барғандар 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу керек. Ал осы әрекетті жасаған адамдар тобы абайсызда жәбірленушінің қайтыс болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ әлгінде айтқандай, құқықтық сауаттылықтан бұрын салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты алға тартатындар әділдік іздеуді жөн көрмейді. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінде де тараптардың татуласып, арызды кері қайтармауынан істердің дені сотқа жетпейтін. Жеткен күннің өзінде ерлі-зайыптыларды қайта қол ұстастырып, «татуластырып» жіберетін. Мұндай келіссөз үстелінен кейін кейбір жанұядағы ұрыс-керістің арты кісі өлімімен аяқталғанын көз көрді. Ал қазір жәбірленушінің арызынсыз өзгенің құқығына қол сұққандарды жауапкершілікке тарту көзделеді. Заңдағы бұл өзгеріс көптеген құқық бұзушыны жөнге салуға септігін тигізіп жатыр. Біреудің денсаулығына зиян келтірудің артында енді қылмыстық жауапкершілік бар әрі іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция әлеуметтік желідегі немесе ақпарат құралдарындағы дәлелді негізге ала отырып, тергеуді бастай алады. Ең маңыздысы, мұндай қылмыс үшін кешірім бұрынғыдай бірнеше рет берілмейді, бірреттік кешірім тек сотқа дейін жеткенде жүзеге асады. Демек заңдағы жауапкершілік жүгі ауырлаған сайын адамдардың санасына да тәртіпке бағынған құл болмайтыны сіңеді деген сөз.
Сол үшін елдегі құқық қорғаушы заңгерлер қыз алып қашуға қатысты істерді «адам ұрлау» ісінен бөліп қарап, еркінен тыс тұрмысқа шығатындардың құқығын қорғауды алға тартқан-ды. Өйткені қазақ қоғамында қыздың қарсылығына қарамастан, алып қашқан жігіт жазадан оңай құтылып кетеді. Қыздың өзі рұқсат етсе, үлкендер батасын береді. Болмаса, қызын үйіне қайтарып берсе, іс осымен жабылады. Кейбірі қыздың ренішін қаржымен өтеп, ата-анасының аузын жауып қояды. Бұл болмаса, жазылған арыз әлдебір жолмен қылмыстық іс ретінде тіркелмей, жабылып жатады. Ал алда-жалда қылмыстық іс қозғала қалса, «адам ұрлау» бабымен жауапқа тарту көзделеді.
Былтыр жыл соңында Парламент Мәжілісінде қыз алып қашу мәселесін көтерген депутаттар заң мен тәртіпті құрметтеуге шақыратын ілкімді істердің аз екенін айтқан. Депутат Мұрат Әбеновтің айтуынша, заң бұзушылыққа төзімсіздік шаралары көзге көрінбегендіктен, қыздардың құқы қорғалмай отыр. Керісінше, әншілер әлеуметтік желі, телеарна мен радио, сахналарда қыз алып қашуды дәріптеп жүр. Халық қалаулысы заңда мұндай нәрселерді насихаттауға қатаң шектеу қойылған дұрыс деген. Заңсыздыққа тосқауылдан қарағанда, насихаттауға басымдық беріп отырған тұста қыз алып қашу жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Оның айтуынша, 2023 жылдың өзінде 13 алып қашу сотқа берілген болса, былтыр тек Түркістан облысында 8 айда 18 оқиға болған. Себебі заңда құқық бұзушыны жөнге салатын бапты бұрмалауға да мүмкіндік берілген.
«Мысалы, ҚК-де «адам ұрлау» деген 125-бап бар. Қыз алып қашқандардың ісі осы баппен қаралады. Бірақ осы бапта «3-4 күн ішінде жәбірленушіні босатып жіберсе, жауапкершілікке тартылмайды» деген қосымша тағы бар. Сонда қалай? Қызды көндіреді, қағаз жаздырады, ұялтады, мәжбүрлейді, 3-4 күн ұстайды, әбден абыройы төгіледі, сосын жібере салады, оған ешқандай қылмыстық іс қозғалмайды. Үш жылда 214 оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғауға ұсыныс берілсе, соның 10-ы ғана сотқа жеткен. Қалғандары «қылмыс құрамы жоқ» деп жабылған. Демек істің дені сотқа жетпеген, оның сыртында құқығы тапталып жатса да полицияға арыз жазбаған қыздардың ісі қаншама? Сондықтан қыз алып қашуға қатысты бөлек норма енгізу керек», деді М.Әбенов.
Сөзінің жаны бар. Өзі де айтқандай, Маңғыстауда алып қашудың құрбаны болған қыз көліктен секіріп түсемін деп денсаулығына зиян келтірген. Алайда екі ретінде де алып қашқандардың үстінен жазылған қылмыстық іс жабылған. Есте болса, бірнеше жыл бұрын Алтынай Құрманова есімді шымкенттік ару да алып қашудың құрбанына айналған. Сол қайғылы оқиғадан кейін дәрігерлер қыздың екі аяғын кесуге мәжбүр болады. Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан облысында алып қашу мен зорлықтың құрбаны болған 20 жастағы бойжеткеннің ісі де созбалаңға салынып, соңында осы оқиғаға қатысы бар бірнеше адам тергеуден тыс қалған.
Депутат Еділ Жаңбыршин жабайылыққа қарсы қоғамда ата-анасы мен қыздың келісімінсіз алып қашуды ақтауға болмайтынын айтады. Өйткені өркениеті дамыған елдерде мұндай сорақылыққа жол берілмеу керек. «Қыз – болашақ ана. Егер біз болашақ ананы қорғамайтын болсақ, онда мемлекеттің болашағы жоқ деген сөз. Қыз баланың тағдыры – ойыншық емес. Заңды қатайтып, тәрбие мәселесіне тиісті министрліктер тереңінен көңіл бөлетін уақыт жетті», дейді ол.
Парламенттегі пікірлер пәрмен болды ма, артынша Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов қолданыстағы кодекстердің баптарына түзету енгізуге байланысты депутаттар мен ғалымдармен бірігіп, жұмыс тобы құрылғанын жеткізді.
БҰҰ Халық қоры Қазақстандағы әр бесінші некенің қалыңдықты ұрлап әкету дәстүрімен басталатынын келтіреді. Расында, қыз алып қашу түркі халықтарына ортақ салт-дәстүр ретінде қабылданады. Сондықтан біз де қыз алып қашуды қылмыс емес, дәстүр ретінде қарастыратын қасаң түсінік қалыптасып қалған. Әйткенмен дәстүрлі қазақ қоғамында алып қашудың өз жол-жоралғысы болған. Яғни қыз алып қашу – өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Этнограф ғалымдардың пікірінше, бұл қыз бен жігіттің өзара келісімімен жүзеге асып отырған. Қыз бен жігіт келіседі, бірақ әке-шешесі қарсы болады. Не болмаса қызға басқа жақтан құда түсіп, қалың малы төленіп қойып, бірақ қыз қарсы болса, басқа жігітпен көңіл қосса, екеуі қашып кеткен. Сол заманда өзара келісіммен болған алып қашу дәстүрінің өзіне заңмен қатаң тыйым салған. Мысалы, Тәуке хан тұсында қыз алып қашқандар «Жеті жарғының» ережесімен қатаң жазаға тартылған. Бұған сәйкес, атастырылған қызды еріксіз алып қашқан жігітке немесе оның руына қыздың әке-шешесіне қалың малдан екі есе көп айып төлеу міндеттелді. Бұл қыздың абыройына тиген залалды өтеу ретінде қаралды. Егер қызды алып қашу кезінде зорлық-зомбылық жасалған болса, қылмыскер ауыр жазаға, тіпті өлім жазасына кесілген. Ал егер қыздың келісімі бар болса, бірақ бұл іс ата-анасының рұқсатынсыз жасалса, екі жақтың келісімімен некені заңдастыруға мүмкіндік берілген. Бірақ жігіттің отбасы үлкен айып төлеуге міндеттелген. Демек Тәуке ханның заңдары қоғамдағы тәртіпті сақтау және әйелдердің құқығын қорғау мақсатында жасалған маңызды құқықтық жүйе еді. Осы арқылы қыз алып қашуды айыптау арқылы әйелдердің беделін және абыройын қорғауға басымдық берілген. Яғни Тәуке ханның «Жеті жарғысында» қыз алып қашу «адам өлтіру» секілді ауыр қылмыс жасаумен тең болған. Өкініштісі, қазір алып қашу дәстүрінің тонын айналдырып түпкі мағынасына қарамай, танымайтын қызды қойша өңгеріп кететіндер мен осы жабайылықты қолдайтын жақындарын жауапкершілікке тартудың жаңа қағидаты керек. Өйткені заң мен тәртіпке қалтқысыз мойынсыну өмір сүру қағидасына айналмаған мемлекетте өркениетке ұмтылыс та өз нәтижесін беруі неғайбіл.
Жадыра МҮСІЛІМ,
журналист
Ақпарат көзі: egemen.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай