Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дубай» шоколадын сатуға тыйым салынды

«Дубай» шоколадын сатуға тыйым салынды

Астанада санитарлық тексерістен өтпеген және таңбалау талаптарын бұзған өнімдерді сауда сөрелерінен алып тастау міндеттелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, сауда сөрелерінен алынған өнімдер қатарында «Шайн мускат» жүзімі, «Дубай» шоколады, «Доширак» жылдам дайындалатын кеспесі, «Беларусь» сүті және  бірнеше шай түрі бар.

    «Беларусь сүтінен май қышқылының құрамы бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Ресейлік ұнның құрамындағы мырыш пен темірдің мөлшері төмен болған. Қазақстандық шайдан бояғыш заттар табылды»,  делінген хабарламада.

Департаменттің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімі өткен жылы 450-ден астам тауар түрін зерттеп, өнімдердің технологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкестігін тексерді.

    «Таңбасы жоқ өнімдер, әсіресе азық-түлік өнімдері, қауіпті саналады. Себебі өнім туралы ешқандай ақпарат жоқ, бұл тұтынушыны шатастырады. Осыған байланысты сауда субъектілеріне өнімді сөрелерден алып тастау, жеткізушіге қайтару немесе жою жөнінде нұсқау берілді»,  деп түсіндірді Астана қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Қарлығаш Әбдішева.

Сурет: egemen.kz
25 қаңтар 2025 ж. 84 0