Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше кезген қауіп: бұралқы иттер азаймай тұр

Көше кезген қауіп: бұралқы иттер азаймай тұр

Қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі бұралқы иттердің адамдарға тигізіп жатқан зияны екені анық. Иә, көгілдір экран мен түрлі әлеуметтік желі ішінде адамға шабуыл жасаған иттер туралы жаңалықтарды көптеп көзіміз шалады. Жаға ұстатарлық мұндай жаңалықтар легі күн санап артып келеді.
Күнделікті жұмысқа барар жолда, кез келген көшеде топтасып жүрген иттерді көреміз. Үлкендер мұндай жағдайда қалай қорғану керектігін білер, дегенмен мектепке бара жатқан кішкентай оқушылар ше? Не істерін білмей абдырап қалатын бүлдіршіндерге қауіпі мол бұл жағдайдың шешімі қандай? Осы тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «Тағы бір мәселе. Мүмкін бұл президенттік деңгейдегі мәселе емес те шығар. Бірақ, ол жайында айтуыма тура келіп отыр. Маған барлық облыстан бұралқы иттерге қатысты үнемі шағым түседі. Тиісті заңнамаға сілтеп, билік өкілдерінен ешкім онымен айналыспай отыр. Бірақ, мұндай жолмен жүріп, жағдайға бақылау жасаудан айырылып қалуымыз мүмкін» – деді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы балалар қауіпсіздігін де ескере отырып, «Иә, біз жан-жануарларға қамқорлықпен қарауымыз қажет. Бірақ, олардың адамдарға, әсіресе балаларға қатысты шабуылына жол бермеуге тиіспіз. Бұралқы иттердің шабуылына тап болғандардың саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды» – деген болатын. Қаланың қай бөлігіне барсақ та қоқыс аңдыған иттер өріп жүреді. Сонымен бірге кей тұрғындар мұндай иттерден қорыққаннан, бөлек жолмен жүріп ұзақ жерді айналатындықтарын айтып жатады.
– Иесіз жүрген қаңғыбас иттер бүгінде қаланың ажырамас бір бөлігіне айналып кеткен. Себебі күнделікті тіршілік барысында адам көп жүретін қала орталықтарында да топтасып жүрген қаңғыбас иттерді көреміз, Бұл барлық адамға үлкен қауіп тудырары сөзсіз. Әсіресе мұндай жағдайда балалар көптеп зардап шегуде. Сол үшін қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын арнайы орын болса жақсы болар еді. Себебі жан-жануарлар да тіршілік иесі. Бір уақыттары әлеуметтік желіде иттерге қорлық көрсетіп жатқан адамдардың бейнебаяндары тарап кеткен болатын. Сондықтан да иттерді арнайы тексеруден өткізіп, бақылауда ұстайтын орталық қажет. Міне, сол кезде ғана адамға да, итке де айтарлықтай зиян келмесі белгілі, – дейді қала тұрғыны Ү.Жаңғалиқызы.
Расымен де, адам қауіпсіздігі әрдайым жіті бақылауда болғаны жөн. Сол үшін де бұралқы иттер мәселесіне немқұрайлы қарамауымыз қажет. Қазір қыс мезгілі болған соң таң кешеуілдеп атады. Яғни, айналаның барлығы қараңғы болады. Сонымен қоса мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндері осы уақытта таңмен таласып білім ордасына асығатыны белгілі. Бұл кезде бұралқы иттерді де көптеп көзіміз шалады.
– Бұралқы иттерді аулау, оларды оқшаулау, арнайы оқшаулау орын ашу мәселесі бүгінде шешімін таппай отыр. Қазақстан Республикасының 30.12.2021ж №97-V// “Жануарларға жауапкершілікпен қарау  туралы»  заңына  сәйкес  жергілікті  атқарушы  органдар заңнамада белгіленген тәртіппен жануарларға арналған    панажайларды салу мен күтіп-ұстауды ұйымдастыруға, жануарларға арналған жекеше  панажайларды қоса қаржыландыруды  жүзеге асыруға құқылы. Сонымен қатар ауданда жануарларды уақытша ұстау пункті салынуға тиіс. Бірақ бұл мәселе аудан көлемінде шешімін тапқан жоқ, – деді Арал аудандық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы   Ақзия Сатекеева.
Өткен 2024 жылы Арал ауданында 163 адам түрлі жануарлардан жарақат алған. Оның ішінде 15 жасқа дейінгі  балалар саны – 94 болса, жасөспірімдер  яғни 15-17 жас – 11 адамды құрап отыр екен. Бұл туралы толығырақ басқарма басшысы Ақзия Қасымқызы:
– Қаңғыбас иттер саны  ит егелерінің иттерін  уақытында тамақ бермей, көшеге  бос жіберу салдарынан, иттердің көбею процесі жылына  екі  рет 5-6 күшік тууынан, олар иесіз әр жерде қалуынан, сонымен бірге иттерді  стерилизация жасалмау салдарынан көбейіп  отыр. Аудандық полиция  бөлімі  тарапынан иттері көшеге  бос жіберу  салдарынан адамдарды  жарақаттаған ит иелерінің 21 тұрғынына  Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 407  бабына сәйкес ақшалай айыппұл салынды, – деді.
Қазақ халқы ерте кезден үй жануарларын қастерлей білген. «Ит –адамның досы» деп бекер айтылмаған. Себебі ит жануарын адамға серік деп атаған. Дегенмен бүгінгі қоғам жаңалықтарына қарай адамдардың арасында ит туралы екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірі осы итті қазына деп таныса, енді бірі итке үркіп қарайды. Иә, адамды талап тастаған қабаған иттер туралы жаңалықтарды естігенде жағамызды ұстаймыз. Иттің қабаған болуының басты себебі – дала көрсетпей байлап ұстау болып отыр. Сол себепті ит иесі оны қалай бағу керектігін де білгені жөн. Кей қаңғыбас иттер кез келген жерге күшіктеп кете береді. Ертеңгі күні сол күшіктер жабайы, қабаған болып шығары анық.
А.НҰРЛАНОВА

Сурет: azattyq-ruhy.kz
28 қаңтар 2025 ж. 38 0