Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұралқы иттер мәселесі қашан шешілмек?

Бұралқы иттер мәселесі қашан шешілмек?

Бүгінгі қоғам арасындағы маңызды мәселелердің бірі бұралқы иттердің адам баласына тигізіп жатқан зияны болып отыр. Иә, көгілдір экран мен түрлі әлеуметтік желі ішінде адамдарға қауіп төндірген иттер туралы жаңалықтарды көптеп көзіміз шалып жатады. Жаға ұстатарлық мұндай жаңалықтар легі күн санап артып келе жатқаны да белгілі.

Күнделікті таңертең күйбең тіршілік қамымен жұмысқа барар жолда топтасып жүрген иттерді көреміз. Ересек адам мұндай жағдайда қалай қорғану керектігін білер, дегенмен мектепке бара жатқан кішкентай оқушылар ше? Не істерін білмей абдырап қалатын бүлдіршіндерге қаупі мол бұл жағдайдың шешімі қандай? Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте «Тағы бір мәселе. Мүмкін бұл президенттік деңгейдегі мәселе емес те шығар. Бірақ, ол жайында айтуыма тура келіп отыр. Маған барлық облыстан бұралқы иттерге қатысты үнемі шағым түседі. Тиісті заңнамаға сілтеп, билік өкілдерінен ешкім онымен айналыспай отыр. Бірақ мұндай жолмен жүріп, жағдайға бақылау жасаудан айырылып қалуымыз мүмкін» – деді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы балалар қауіпсіздігін де ескере отырып, «Иә, біз жан-жануарларға қамқорлықпен қарауымыз қажет. Бірақ олардың адамдарға, әсіресе балаларға қатысты шабуылына жол бермеуге тиіспіз. Бұған қоса, бұралқы иттердің шабуылына тап болғандардың саны артып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Барлықтарыңыздан іс-шара қабылдауды тапсырамын. Тағы да қайталап айтамын. Мүмкін бұл президенттің деңгейдегі мәселе емес шығар. Бірақ бұл жайында айтуға тура келеді. Осы мәселеге қатысты адамдар шағымданып жатыр»–деген болатын.    Қаланың қай бөлігіне барсақ та қоқыс аңдыған иттерді көреміз. Сонымен бірге кей тұрғындар мұндай иттерден қорыққаннан, бөлек жолмен жүріп жер айналатындықтарын айтып жатады. Бұрын жыл сайын қаңғыбас иттерді құрту үшін тиісті шаралар жүргізіліп отыратын. Ал биыл ше? Әрине, мұндай шараның бірі де жоқ. Себебі жаңа заң барлығымыздың қолымызды жіпсіз байлап отырғаны сөзсіз. Жаңа заң демекші, бос жүрген иттің иесі жеке тұлға болса 10 айлық есептік көрсеткіш, лауазымды тұлға болса 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс екен. Егер бір жылдың ішінде осындай тәртіпсіздік қайталанар болса, айыппұлды екі есе төлеуге тура келеді. Ал ит адамды қауып, тістеп алған жағдайда бұдан да көп шығындануыңыз мүмкін екен.
–Иесіз жүрген қаңғыбас иттер бүгінде қаланың ажырамас бір бөлігіне айналып кеткені белгілі. Себебі күнделікті тіршілік барысында адам көп жүретін қала орталықтарында да топтасып жүрген қаңғыбас иттерді көреміз, Бұл барлық адамға үлкен қауіп тудырары сөзсіз. Әсіресе мұндай жағдайда балалар көптеп зардап шегуде. Сол үшін қаңғыбас иттерді уақытша ұстайтын арнайы орын болса жақсы болар еді. Себебі жан-жануарлар да тіршілік иесі. Бір уақыттары әлеуметтік желіде иттерге қорлық көрсетіп жатқан адамдардың бейнебаяндары тарап кеткен болатын. Сондықтан да иттерді арнайы тексеруден өткізіп, бақылауда ұстайтын арнайы орталық қажет-ақ. Міне, сол кезде ғана адамға да, итке де айтарлықтай зиян келмесі белгілі,–дейді қала тұрғыны Е.Болатқызы.
Қазақ халқы ерте кезден үй жануарларын қастерлей білген. «Ит –адамның досы» деп бекер айтылмаған. Себебі ит жануарын адамға серік деп атаған. Дегенмен бүгінгі қоғам жаңалықтарына қарай адамдардың арасында ит туралы екі түрлі пікір қалыптасқан. Бірі осы итті қазына деп таныса, енді бірі ит атаулыға үркіп қарайды. Иә, адамды талап тастаған қабаған иттер туралы жаңалықтарды естігенде жағамызды ұстаймыз. Иттің қабаған болуының басты себебі – дала көрсетпей байлап ұстау болып отыр. Сол себепті ит иесі оны қалай бағу керектігін де білгені жөн. Кей қаңғыбас иттер кез келген жерге күшіктеп кете береді. Ертеңгі күні сол күшіктер жабайы, қабаған болып шығары анық. Ендігі кезекте қабылданған заң бойынша қимылдайтын уақыт та келген секілді...
А. НҰРЛАНОВА
14 мамыр 2023 ж. 396 0