Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Иттен сақ бол!

Иттен сақ бол!

Таяуда Қарағанды облысынын Ақтоғай ауданындағы мына бір жағдай көпті түршіктірді. Аулада ойнап жүрген бір үйдің 3 және 5 жасар екі баласын сол үйдің иті талап, ауыр дене жарақаттарын алғандығы айтылды. Неміс овчаркасына таланған екі бала да санавиациямен Қарағандыға жеткізілгенімен, өкінішке орай балалардың кішкентайын дәрігерлер аман сақтап қала алмаған.

Мұндай жаға ұстатар жағдай жыл сайын көрініс беріп, бұралқы иттердің әрекетінен кейін қаншама адамның өмірі қиылып жатыр. Бұл жасырын емес. Расында бұралқы иттердің шабуылынан кейін жапа шеккендердің бірқатары ауыр дене жарақатын алса, көп қан жоғалтудан, не қатты таланудан соң тіл тартпай кетіп жатқаны қаншама?! Қайғылы оқиғалардың жиі­леуіне ит иелерінің жауап­сыздығы себеп болуда. Әсі­ресе  мұндай жағдайлар ит қожайындарының қауіп­сіздік шараларын ескермеуінен туындайтыны өкінішті.
Әсіресе питбуль, алабай тұқым­дас иттердің адамды талап-жегені жұртшылықтың үрейін ұшырып келеді. Бірақ "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңға қол қойылғаны халықты тіпті алаңдатып қойды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі әзірлеген заң жобасы аясында қараусыз жүрген төрт аяқтыларды атуға мүлде тыйым салынады. Ата қалған жағдайда айыппұл арқалап кете барасыз.
Бұл заң аясында келер жылдың 1 қыркүйегінен бастап жануарлардың иелері үй жануарларын тіркеуі керектігі көрсетілген. Бір қызығы, есепке алу ит иелерінің есебінен жүзеге асырылады екен. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға мемлекет төлейді. Сондай-ақ иттердің өз бетімен жүруіне заңмен тыйым салынатынын да айтыпты осы министрліктің вице-министрі.
Оған қоса, нормативтік-құқықтық актінің бірқатар жобалары қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеуді реттеуге бағытталған. Заң мен әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті иттерді төбелестіру, ветеринарлық операцияларды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазықсыз, қинап өлтіру, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз көріністерге де тосқауыл қоятын көрінеді. Қала тұрғыны Ғ.Қосбармақова:
– Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде жалпыға ортақ заңға бағынуға тиістіміз. Бағынамыз да. Бірақ қазірде мектепке қатынайтын кішкентай балам бар. Одан қалды үш немере өсіріп отырмын. Мені солардың қауіпсіздігі алаңдатады. "Ит – адамның досы" дейді ғой. Бірақ қазірде саналы адамның өзінен қауіптің қандай түрін де кездестіріп жатырмыз. Оның қасында иттерден не күтсе де болады, – дейді.
Өз сөзінде өзі қаланың шеткі аумағында тұратынын айтқан ол бүгінде тіпті бала түгілі, төрт түлігін қараусыз қалдыруға қорқатынын айтты. Былтыр айналасындағы үйлердің уақ малдарына да шабуыл жасаған қаңғыған иттерді еске алсам, денем мұздап кетеді. Олар балаға, тіпті ересек адамға да шабуылдаудан тайынбайды деп қынжылыс білдірді.
Ал ол иттер әлдеқандай бір аурумен ауырса, тіпті өкініші кетпейді ғой. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Мира Әлмаханова "Ақмешіт апталығы" газетінің тілшілеріне берген сұхбатында:
– Қаңғыған ит көп екенін естіп жатамыз. Олардың ішінде құтыру дертімен ауыратындары болады. Ең қауіптісі сол. Негізінен бізге осы құтыру дерті бойынша нақты анықталған науқастар келді. Мәселен, бізге құтыру ауруымен 2014-2021 жылдары ауруханада 1 науқас тіркелді. Былтыр бір науқас түсіп, ем-дом жүргізілгеніне қарамай қайтыс болды, – дейді.
Осындай жағдайларды көріп отырып, елдің алаңдауында да себеп бар. Осыған дейін Қызылорда облысының Ветеринария басқармасының "Арал аудандық ветеринариялық станциясы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, аудан бойынша 2020 жылы – 1900, 2021 жылы 2600 жабайы ит-мысық ауланып, жою жұмыстары жүргізілген. Ал оларды аулауға салынған тыйым алдағы уақытта жағдайды ушықтырып жібермей ме?
Итті қорғайтын заң бар. Ал адамды не қорғайды, кім қорғайды. Әлде өкінішті жағдай тіркеліп, соған ғана шара көрілу қажет пе? Адам – мемлекеттің басты капиталы. Оның қауіпсіздігі басты міндет екенін де ойдан шығармасақ екен.

Оңталап ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ

16 сәуір 2022 ж. 565 0