Білім – бәсекеге қабілеттіліктің бастауы
М.Əуезов: «Адам баласы жан жемісін татпай, өмірдің терең мағынасында шын мақсатын түсіне алмайды» деп айтқан. Ал, жан жемісі алдымен тəрбие, оқу-білім десек, сол жемісті берер білім бесігі – мектеп, ал мектептің жүрегі – мұғалімдер. Жауапкершілікті сезінген ұстаздар әрдайым өздерін дамытуда аянған емес. Соның дәлелі білім көкжиегінде бой көрсетіп жүрген аудандағы №220 орта мектебінде өткен "Өрлеу" облыстық семинары. Жалпы мектеп білім беру ордасы ретінде әрдайым көш басында тұр. Қай сайыс пен жарыста болмасын мектеп абыройы биікте көрініп келеді. Бұған мұғалімдердің де сіңірген еңбегі мол. Сол ұстаздар әрқашан өз білімділігі мен біліктілігін арттыруда еш артта қалған емес.
Өткен аптада бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Бастауыш мектепте сандық білім беру ресурсын оқу үдерісінде қолданудың ерекшеліктері мен тиімділігі» тақырыбында облыстық семинар болып өтті. Сандық білім беру ресурсын оқу үдерісінде қолдану, оқушылар үшін жаңа білім іс-әрекет тәсілдерін, танымдық себептерді, зерттеушілік қабілетті қалыптастыру мақсатын ұстанған семинардың ашылу салтанатында мектеп директоры Ә.Әбілбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Б.Құдайбергенова, бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Л.Наукеева сөз сөйледі.
Бастауыш сынып оқушылар хорымен басталған іс-шара Г.Ибраймова мен Р.Қалабаеваның ұйымдастырумен көрме жұмыстарын таныстыру жалғасын тапты.
Семинарда мектеп мұғалімдері Б.Есенова «Дыбысты бәсеңдетуге бола ма?», Л.Анарбекова «Топырақтың қандай қасиеті бар?», А.Келжанова «My Toy Design. Project work», М.Үмбетова «Логикалық есептер», Л.Сағындықова «Дәрумендердің пайдасы», А.Каденова «Дұрыс тамақтана біл!» атты бастауыш сынып оқушылары қатысуымен ашық сабақтар өткізді.
Жанат Досмамбетова және Ақнұр Әділова «Өмірім – өнеріммен өрнектелген» деген тақырыпта кездесу кешін өткізді. Найля Құттымұратова мен Айым Сейілова «Жақсы бала – ата-ана қуанышы», «Баламмен бірге мектепке» тақырыптарын негізге ала отырып, аналар клубының жұмысын көрсетсе, Зибагүл Таңбетова мен Жанна Мұратова «Баланы бірге дамытайық!» танымдық жоба ұйымдастырды. Гүлзат Өмірзақова, Гүлайша Бекмағанбетова ұстаздарға арнайы шеберлік сыныбын өткізді. А.Рахметалиева қорытынды ұсыныспен қатар пікір алмасу жұмысын жүргізді.
Аталмыш семинарға “ӨРЛЕУ” БАҰО АҚ-ның Қызылорда облысындағы кәсіби даму институтының аға оқытушысы Жанар Нақыпбаева қатысып, мұғалімдердің жұмысын жоғары бағалады.
Білікті де білімді маман болу үшін - əр ұстаз өз білімін үздіксіз жетілдіріп, заман талабына сəйкес кəсіби біліктілігін үнемі жаңғыртып отырғаны жөн.
Нұрай ӘМІРХАНОВА