Тағы да той туралы…
Менің бір жұмыссыз танысым баласы үйленер кезде, банк несие бермеген соң, кең шарбақтағы ауласының жартысын сатып, тойханада той жасады. Өкініштісі сол, келіні көп ұзамай кетіп қалды. Қазір үкімет жұмыссыз адамды «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деген мәртебе беріп қойған. Рас, қол жұмыс істеп, бала-шағасын асырап отырғандар бар. Олар көктем, жаз, күз айларында құрылыста жұмыс істейтіні де рас. Бірақ күн суытатын қараша-сәуір айлары аралығында жекеменшік секторындағы құрылыс тоқтап тұрады, оны «өлі маусым» деп айтады. Бірақ өмір бір орында тұрмайды, баласын үйлендіріп, қызын ұзатуда. Оларға кім басын ауыртып жатыр, олар «сырты бүтін, іші түтін» күйде жүреді.
Менің бір жұмыссыз шәкіртім болашақ қалыңдығы бюджеттік мекемеде қызмет істегендіктен, жігітіне несие алып беріп үйленді. Ол жігіттің қолынан барлық жұмыс келетін болғандықтан, мойнына алған несиеден бір жылда құтылды! Қазақ – дана халық, бұл туралы «көрпеңе қарай көсіл» деп айтып кеткен сөзін ұмытқалы қашшан! Ағайынның табалауына қаламын деген жалған намыс кей отбасының ойранын шығаруда. Жақында бір жақсы танитын Ақберген Есекеев інімнің өлеңін оқып едім, соны жариялап отырмын.
БӘСЕКЕ
Бәсеке! Жақсы тірліктің нышаны ма, әлде «көрпеңе қарай көсіл» деген нақыл сөзге құлақ түрген дұрыс па? Тойханада болған кешегі тойдан пейіл, болашаққа да көзәйекпен қарап, бұлыңғыр тұстарын анықтап ажыратып алмаса, басып өткен ештеңе емес, жанышып жіберіп, жерге тығып жіберудің сәл алдында тұрғандаймыз.
Көпке түкірік шашпаймын, жаман қылық,
Ой орамын, көрейік сөзге тізіп.
Мансапқұмар, бәсеке тірлігіңді,
Теріп берем, тыңдап көр бұл бір қызық.
Той жасайды дүркіреп байлар біткен,
Қалмайды одан «қара» да есі кеткен.
Жиған-терген шашылып ағыл-тегіл,
Ит-құстарын жеп жатыр несіп еткен.
Қарызданып қатын ап той жасаймыз,
Қараңғыдан «күн тауып» жол жасаймыз.
«Келер жағы кең болсын» деген сөздің,
Астарында май бардай көп асаймыз.
Жалықтым мен жаттанды тілектерден,
Жиіркендірді сенімдер үміттенген.
Құштар едім тойында ағыл-тегіл,
Айтылса сөз шынайы жүректерден.
Абыр-сабыр өтуде осы бір той,
Көңіл үшін күлгенбіз, көрсетіп бой.
Кәнеки деп қасыңа келіп тұрса,
Нең кетеді шараптан бір алып қой.
Отқа піскен шұжықтай қазандағы,
Балықтардай бөліскен базардағы.
Би биледік тығылысып, табан тіреп,
Әніміз де жаңғырған мазаны алды.
Тым көңілсіз қайттым мен сол бір тойдан,
Арыла алмай келеңсіз сан ойлардан.
Емделмесек ертерек ебін тауып,
Санамыздың дертіне ол айналар.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Қазалы ауданы
Ақпарат көзі: halyqline.kz
Сурет: Нұрболат Нұржаубай