Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халің қалай, жас маман?

Халің қалай, жас маман?

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2009 жылдан бастап денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ауылдық елді мекендердің кадр тапшылығын жоюға бағытталған «Дипломмен – ауылға» жобасы жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсат – жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алған мамандарды ауылда жұмыс істеуге және тұруға тарту. Бастама бүгінде өз жемісін беріп келеді. Сол бағдарламаның жемісін көрген алғашқы түлектер бүгінде үйлі-баранды, өзі қызмет атқаратын ауыл өміріне етене араласып, бір тұрғыны болып кетті. Өткен 2020 жылға 501 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге 126,8 млн теңге, жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға 544 маманға 2 млрд 250 млн теңге бөлінген болса, 10 айдың қорытындысы бойынша 392 маманға 107,1 млн теңге көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы табысталған. Тұрғын үй салуға немесе сатып алуға өтініш берген 372 жас маманға 1 млрд 481 млн теңге несие түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілген. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ал аудан бойынша өткен жылы 17 маманға біржолғы көтерме жәрдемақы тағайындалса, 4 маманға өздері қызмет ететін ауылдардан тұрғын үй сатып алуға бағдарлама шеңберінде несие рәсімделген. Олардың дені – мұғалімдер мен дәрігерлер. Бір-бір үйдің иесі атанып, түтін түтетіп отырған жас мамандар бүгінде мемлекеттің көрсеткен қолдануына дән риза.


Бүгінде Сапақ ауалындағы №69 орта мектеп директорының тәрбиес ісі жөніндегі орынбасары Аралхан Дүйшембиев кезінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша алғашқы көтерме жәрдемақыны да, кейін сол ауылдан несиеге тұрғын үй алған жас мамандардың бірі. Бүгінде Сапақты бір тұрғыны саналған Аралханның жұбайы Жаннат та ауыл мектебінде тәлімгер. Алғашында технология пәні бойынша ауыл балаларына дәріс берген жас маман уақыт өте өзінің іскерлігі мен бала тәрбиесіндегі жинақтаған тәжірибесінің арқасында басшылықтың көзіне түсіп, мектеп директорының орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Нарықтың қазіргідей асау атша ауыздығымен алысып тұрған заманы емес, ақшаның құндылау кезінде ауыл ортасынан өзге аймаққа қоныс аудармақшы болған тұрғынның үйін көздеген ол мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, сол үйді несие арқылы өз атына рәсімдеді. Ол 2014 жылдар болатын. Алғашында ауылға, өзге орта мен үлкен білім ошағына үйіренісіп кету оңай болмағанын айтты маман. Қазір сол елдің бір тұрғыны. Балалары да бірінен соң бірі өзі қызмет ететін ауыл мектебіне аяқ басуда.
– Мұғалім боламын деген ой өзімді жиі мазалайтын. Ол кезде қолымда диплом да болды. Бірақ ауылда қара шаңырақта отырған анама қарайласу мақсатымен жұмыссыз жүрдім. Келіншегім ауыл мектебінде жұмыс істеп жүрді. Уақыт өте үйдің ер азаматы, басшысы ретінде бұлай жұмыссыз, мақсатсыз жүре берудің болмасын білдім де, жұмыс қарастыра бастадым. Кейін осы Сапақ ауылынан технология пәні бойынша маман қажеттігін естіп, құжаттарымды тапсырып, аздаған уақыттан соң ауыл мектебіне технология пәнінің мұғалімі болып қызметке қабылдандым. Алғашында жаңа орта, бөлек ел, аздап ыңғайсыздық тудырғаны рас. Өз ісіме толықтай кірісіп те кете алмадым. Десе де алған бағыттан таймау керек болды. Осылайша жас маман ретінде ауыл мектебінде өз қызметімді жалғастыра бердім. Уақыт өте осы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша құжаттарымды тиісті орынға өткізіп, арнайы комиссия құрамының шешімімен бағдарламаға қатыстым. Көп ұзамай жас маман ретінде алғашқы көтерме жәрдемақыға қол жеткіздім, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Дүйшембиев.
Осыдан 4-5 жыл бұрын қаладағы жұмыссыз жастардың қатарын толықтырып жүрген Мәулен де бүгінде өз шаңырағын көтерген жас мамандар қатарынан. Ол қазір ауданға қарасты Ерімбетжаға елді мекеніндегі №18 мектепте психолог маман ретінде қызмет атқарады. Кейін отбасын құрды, балалы болды. Осыдан бірер жыл бұрын ауылда бос тұрған бір тұрғын үйді бағдарлама бойынша несиеге алып, өз отбасын алып барып, өз алдына отау болып отыр. Айлық табысы отбасын асырауға жетеді. Алғашында атын естімеген ауылға барғысы келмеген маман қазір сол ұсынысты айтып, баруына ықпал жасаған ата-анасына рақметін айтады. Ол қазіргі таңда өзі таңдаған мамандықтың жемісін көріп келе жатқан жас маман.

Алтынбек ҚАРАСАЙ
06 сәуір 2021 ж. 554 0