Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаңырақ шуағы сөнбесін

Шаңырақ шуағы сөнбесін

Халқымыз ертеден бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Себебі бүгінгі балаға берген тәрбиең ертеңгі өміріне азық болары сөзсіз. Сол себепті қыз бала мен ер бала тәрбиесінде біршама айырмашылық байқауымызға болады. Мәселен, ер баланы еңбекке баулып, ер жігітке тән қасиеттерді бала бойына дарытады. Ал қыз бала тәрбиесі мүлде басқаша. «Қызға қырық үйден тыйым» деп қатты дауыстап сөйлемеуді, күлмеуді үйретеді. Бүгінгі қыз тәрбиесі ертеңге ұлт тәрбиесі екенін ескереді. Осыған орай Жақсықылыш кентінде Гүлфайруз Таукеева бастаған «Шаңырақ шуағы» атты аналар клубы көпшілік көңілінен шығуда.
Өткен аптаның сәрсенбі күні клубтың ашылуы болып, кенттегі барлық дерлік әжелеріміз бен қыз-келіншектеріміз қатысты. Бұл бастаманы кент халқы қолдап, ұлт тәрбиесін насихаттайтын клубтың керектігін білдірді. Осылайша атаулы клубтың ашылу салтанатына жиналған көпшілік өз ризашылықтарын білдіріп, қыз тәрбиесін ғана емес барша бала тәрбиесі жөнінде өз пікірлерін айтты.
– «Шаңырақ шуағы» атты бастамамның негізгі мақсаты – құндылықпен суарылған ұрпақ қалыптастыру! Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын Қаныштар мен Әлихандарды, Бауыржандар мен Әлияларды тәрбиелеу. Бір ауылды тәрбиелесек, бүкіл Қазақстан өзгереді. Өткен алғашқы жиында барлығымыз осы жолда бірге болатынымызды сезіндік. Әрине, бұл ұлы әрі маңызды істің бастауы. Құндылығымызды жаңғыртып, ұрпақты түзеу үшін бар күшімізді салмақпыз. Мұнда халқымыздың бала тәрбиесі, отбасы берекесі туралы ертедегі салт-дәстүрлеріміз бен әрекеттер дәріптеледі. Сонымен қатар түрлі асыл мұра кітаптар талқыланбақ. Тағы айта кетерім, құрақ көрпе тігу – ананың мейірімін балаға сіңіру, ал жүн түту, тоқыма тоқу – еңбек пен төзімділікті бойға дарыту. Сондай-ақ мал жіліктеу – әр қазақ баласы білуі тиіс өнер болса, ұлттық тағамдар әзірлеу – тек дәм емес, дәстүрді сақтау, - деді Гүлфайруз Смайылқызы.
Міне, бізге яғни бүгінгі ұрпаққа өте қажет дүние. Қазір көшеден бір баладан барып халқымыздың салт-дәстүрін сұрасақ көбі білмейді. Себебі оны үйрететін үйде адам жоқ. Ұялы телефонға байланған бала мен отбасы салт-дәстүрді дәріптемек түгілі, бүгінгі күнінің қалай өткенін, қандай қызық болғанын айтпайды. Ал жақсы бастаманы әрдайым халық қолдайтыны анық.
– Гүлфайруз апам бастаған бастаманың қолдаушыларының бірімін. Бізге ең керегі де осы. Ұмыт қалған құндылықтарымызды қайта жаңғыртатын уақыт та келген секілді. Себебі бүгінде көптеген жастарымыз салт-дәстүрді білмейді. Тіпті көпшілік ортада да ұлттық құндылықтарымыз орындалмайтын кездер болады. Мен өзім осы той саласында қызмет етіп жүргеніме 25 жыл болды. Қаракөз қыздарымызды қазақтың салт-дәстүрі бойынша ұзатамын. Сыңсу айтып, қызды ақжол тілеп шығарып салу әрекеті қазіргі жастарымызға үлгі етемін. Апамның бастаған бастамасын толықтай қолдаймын. Сонымен бірге осы клубтан білмегенімді біліп, үйдегі балдарыма айтып отырамын, – деді Айнұр Сүйеуова.
 Ұлағатты ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, ертедегі ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан жаңылмай, тыйым сөздерді тәрбие құралы етіп пайдаланғанымыз дұрыс-ақ. Сол үшін атадан қалған мұраны әрі қарай көркейтіп, ұмыт қалдырмағанымыз жөн. «Шаңырақ шуағы» атты аналар клубы көпке үлгі боларына күмән жоқ. Себебі онда ақжаулықты әжелерімізден бастап, кеше түскен жас келінге дейін өз ойларын айтып, көпке үлгі болып отыр.
Айсауле НҰРЛАНОВА
11 ақпан 2025 ж. 86 0