Бала тәрбиесі – басты назарда
Халқымыз ертеден бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Иә, ең алғаш балаға тәрбиені мектеп емес, ата-анасы беретіні анық. Бала өзін қай жерде қалай ұстауы мен сөйлеуіне де ата-анасы жауапты. Сонымен бірге оның білімді азамат болып шығуы жолында бала бойына сіңіріп жатқан білімін ата-анасы қадағалайды. Ана балаға мейірім берсе, әке қамқорлық көрсетеді. Жалпы бала тәрбиесінде ата-ананың атқарар рөлі зор екендігі сөзсіз.
Бала тәрбиесі жайында ертеректе барлық дерлік ақын-жазушыларымыз қалам тербеп, болашақ үшін алаңдаған еді. Мәселен, Абай атамыздың көпке белгілі өлеңдері мен қара сөздерінің өзі балаға тұтастай тәрбие береді. Ал Ахмет Байтұрсынұлы бала білімі жолында түрлі өнегелі сөздер қалдырған. Айта берсек тәрбие туралы қалам тербеген жазушылар жетерлік. Олардың барлығы жайдан жай құр сөз етіп қалдырған жоқ. Келешек жастар сол сөздердің мән-мағынасын ұғынып, жақсы қасиеттерді игеріп, еліміздің болашағы жарқын болуы мақсатында қалдырды.
Отбасы тәрбиесінде балаға жауапкершілік пен үлкенді сыйлауды, кішіге ізет көрсетіп, намысқой болуды үйретеді. Ешкімнің ала жібін аттамай, бала өзінің өмір жолында тек түзу жүруі үшін ата-анасы бар жақсыны үйретеді. Кейін бала өсе келе ойлау қабілеті мен мінезі айналасындағы жолдастарына қарай да тарта бастайды. Сол үшін әр ата-ана өз баласының кіммен жолдас болып жүргенін қадағалауы қажет.
Жалпы бала тәрбиесі көз жұмып қарайтын дүние емес екені анық. Сол үшін отбасындағы әке де, ана да бала тәрбиесіне жауапты екендігін естен шығармағаны жөн. Балаға бесіктен бастап тәрбие берер болсақ, келешек үлкен үміт күтер азамат болып шығары белгілі. Сондықтан да әр ата-ана бала тәрбиесін басты назарға алып, ертеңгі ел болашағын сенімді тапсыратын азамат тәрбиелеуі қажет.
Г. ЖОЛМАХАНОВА,
Ж.Түменбаев атындағы №60 орта мектеп мұғалімі
фото: kazigurt-tinisi.kz