Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылысқа қарқын қосуды көздейміз

Құрылысқа қарқын қосуды көздейміз

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде белгіленгені өте маңызды бастама. Бұл мамандықтар мен техникалық білім беру саласын дамытуға бағытталған үлкен қадам. Құрылыс мамандығы, әсіресе, еліміздегі инфрақұрылымдық жобалар мен тұрғын үй құрылысында маңызды рөл атқарады. Бұл – тек кәсіби білім мен дағдыларды меңгеру емес, сонымен қатар болашақты қалыптастыру, заманауи қоғамның негізін қалауға арналған бірегей мүмкіндік. Құрылыс мамандығы бойынша әртүрлі сала бар, мысалы, құрылысшылар, инженерлер, архитекторлар, жобалау менеджерлері, техникалық қызметкерлер және басқа да мамандар. Осы мамандықтарды игерген жастар еліміздегі үлкен құрылыс жобаларында жұмыс істей алады және біліктіліктерін арттыра алады.
Жалпы айтар болсақ бұл сала елімізде кенже қалды деуге болмас. Алайда әлем елдерімен салыстыра отырып соңғы жылдары тұрақты дамып келе жатыр деп айта аламыз. Кез келген елдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік дамуының негізгі драйверлерінің бірі саналған құрылыс пен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартуға, урбанизацияны дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай үлес қосу дамыған елдерге әлдеқашан қарқын алып үлгерген.
Мәселен дүниежүзілік урбанизация процесінің қарқынды жүріп жатқаны соншалық БҰҰ мәліметтері бойынша 2050 жылға қарай әлем халқының 68 пайызы қалаларда өмір сүреді деп болжануда. Бұл үрдіс инфрақұрылымдық жобаларға, тұрғын үй құрылысына және көлік жүйелерін жаңғыртуға сұранысты арттыруды талап етіп отыр. Соның нәтижесінде технологиялық жаңашылдықтар: сандық трансформация, 3D-баспа, ақылды ғимараттар, "Жасыл" құрылыс сияқты жобалар әлемдік трендке айналды. Ол біріншіден уақыт үнемделігіне негізделсе, бір жағынан экологиялық қиындықтарды шешуге бағытталған. Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында ірі көлік дәліздері мен логистикалық хабтар салуы, Дубайдағы Expo 2020 сияқты халықаралық көрмелер жаңа технологиялық қалашықтар мен заманауи инфрақұрылымның пайда болуына себеп болды.
Бұл өзгеріс елдегі саланың сарынын өзгертуге алып келді. Қазақстан құрылыс саласының қарқынды дамуы ел экономикасының маңызды секторларының бірі болып, жұмыс көлемі жыл сайын артып, әсіресе Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда урбанизация мен тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде.
Бұл қуанарлық дүние. Себебі жоғарыда айтқанымыздай тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін қолға алынған "Нұрлы Жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қазақстандықтардың баспанаға қолжетімділігін арттыруға жол ашса, ипотекалық несиелеу жүйесі жетілдірілуге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жақсартуға жаң дем алып келді.
"Нұрлы Жол" бағдарламасы жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталып, LRT және метро жобаларын жандандыру, өңірлік даму бағытында шағын қалалар мен ауылдарда инфрақұрылымның жаңартылуына жаңалық енгізді.
Бұл жұмыстар бағдарламаның мінсіздігімен шектеліп қоймайтыны тағы бар. Таяқтың екі ұшы болатыны іспетте Қазақстанда әлі де болса мәселемжоқ емес. Баға тұрақсыздығы тұрғын үй бағасына әсер етіп келе жатса, сапа жөнінде де жиі қиындықтар туындайды. Еңбек қауіпсіздігі мен жаһандық шикізат тапшылығы, экологиялық тазалықтың ұмыт қалуын да назардан алып тастай алмаймыз. Мұның барлығы бірінші кезекте кадр тапшылығынан туындайтын мәселе. Өз ісінің кәсіби маманы болмаған жағдайды кез келген жұмыс көңілдегідей болмайтынын уақыт дәлелдеп беріп отыр.
Осы сауалдардың шешімін табу жолында биылғы жыл таптырмас мүмкіндікке айналары сөзсіз. Себебі жұмысшы мамандарды әзірлеп жүрген кәсіптік білім ордаларына берілген басымдық арқылы білікті құрылысшыларды баптауға жол туып отыр.
Болашақта да экономикалық өсімнің маңызды катализаторы болып қала беретін құрылысшыларды дайындап келе жатқан Арал көпсалалы колледжінің білім алушылары арқылы еліміздің дамуы да ілгерілейтініне сенім мол.
Наурыз ТҰРАХМЕТОВ,
Арал көпсалалы колледжінің арнайы пән оқытушысы
11 ақпан 2025 ж. 64 0