Мамандықтың бәрі жақсы

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Мақсат – еріншектікті тәрк етіп, еңбектің жалауын ұстаған жандарды қолдау, өзгеге үлгі ету. Осы ретте, жұмысшы мамандарды дайындайтын оқу орындарының да маңызы зор. Соңғы жылдары кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінің жұмысы жанданып келеді. Жұмысшы мамандықтың тиімділігі оқуды тәмамдағаннан кейін студенттер жұмыспен қамтылады.
Арал көпсалалы колледжі 1959 жылы ашылған. 65 жылдан астам тарихы бар оқу ордасы кәсіби білім беру арқылы тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз ететін техникалық және кәсіптік білімі бар бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында маркетинг, электр жабдықтары, электрмен қамтамасыз ету, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ауылшаруашылығын механикаландыру, ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану, техникалыққызмет көрсету және жөндеу, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, есептеу техникасы және ақпараттық желілер сынды жұмысшы мамандықтарын оқытады.
Колледж студенттерінің оқуға деген қызығушылығы жақсы. Әр айтқаныңды қағып алып, білмегенін ұққысы келіп тұрады. Студенттер сабақ кезінде-ақ теорияны практикамен ұштастырып, жұмысқа дайындалып шығады. Әрине, әр кәсіпорынның өз ерекшелігі болады.
Соның ішіндегі, «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығы бойынша айтатын болсам. Техник-бағдарламашы – бұл нақты бір бағдарламалау тілінде бағдарлама кодын жазатын, бағдарламалық құралды тестілеуден өткізетін, сонымен қатар компьютерге техникалық қызмет көрсететін мамандық иесі.
Бұл мамандық компьютерлік техниканың, жергілікті желінің, бағдарламалық жасақтаманың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Компьютерлерге қызмет етеді және ұйымдағы жабдықтардың, компьютерлік бағдарламалар мен ақпараттық желілердің үздіксіз жұмысын реттейді.
Желілік жабдықты қосып, оның жұмысын бақылайды. Ол диагностика жүргізеді және жергілікті желі мен желілік жабдықтың бір немесе бірнеше элементтерінің жұмысындағы ақауларды жояды, жергілікті корпоративті желі арқылы ақпарат алмасады, профилактикалық жұмыстар жүргізеді, ғаламдық желі ғаламтор сегменттерін қамтитын компьютерлік желілердің конфигурациясы мен жұмысын үйлестіреді. Желілік қауіпсіздікке, компьютерлер мен компьютерлік бағдарламалардың жұмысына жауап береді. Аталмыш мамандық компьютерлер мен компоненттерді сатып алудан бастап, веб-сайттар жазуға дейінгі көптеген міндеттерді жүктейді.
Қорыта келгенде, мамандық таңдау-әр адамның мақсаты. Әр адам өз қалауы бойынша мамандық таңдайды. Жаман мамандық деген болмайды, мамандықтың бәрі жақсы.
Замзам ТАЖИБАЕВА,
Арал көпсалалы колледжі
арнаулы пән оқытушысы
Сурет: massaget.kz