Қазақстанда әйел құқығын қорғау мәселесі өзекті

Олардың ішінде әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасы, әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ Конвенциясы, сондай-ақ, әйелдердің саяси құқықтары және ерлер мен әйелдердің еңбегіне тең сыйақы туралы конвенция бар. Бұл құжаттар елдің гендерлік теңдік қағидаттарына берілгендігін көрсетеді.
БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін Қазақстан заңнамалық деңгейде ерлер мен әйелдер құқықтарының теңдігін қамтамасыз етеді. 2024 жылдың 16 маусымынан бастап әйелдер мен балаларды қорғауды күшейтуге бағытталған заң күшіне енді. Онда зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің қатаң шаралары және отбасы институтын нығайту шаралары қарастырылған.
Түзетулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысып, түрлі алаңдарда алдын ала кеңінен талқыланған мәселелердің нәтижесі бойынша әзірленді.
Заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге заң әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді.
Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша ұрып-соққаны үшін әкімшілік жаза, ескерту немесе 10 тәулікке қамауға алу қолданылатын. Енді ұрып-соғу Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 109-1 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады, яғни сексен айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не жиырма бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін бұрын әкімшілік жаза ескерту жасауға немесе 15 тәулікке қамауға алу қолданылатын. Енді бұл қылмыстық жауапкершілікке ауысты, Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 108-1 бабына сәйкес екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Сонымен қатар, жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды.
Сонымен қатар, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мақсатында ақпараттық-анықтамалық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі «111» байланыс орталығын құру, әр ауданда отбасын қолдау орталықтарын ашу, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтардың жұмысын ұйымдастыру туралы нормалар да бекітілді.
Уәкіл институты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы арнайы баяндама дайындады. Ол елдегі жағдайды, халықаралық тәжірибені және осы құбылыспен күресудің ұлттық шараларын талдайды. Баяндамада гендерлік кемсітушілікті жоюға және теңдік мәдениетін дамытуға бағытталған мемлекеттік органдарға арналған ұсынымдар бар. Кейбір ұсыныстар қазірдің өзінде жүзеге асырылды: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді, қылмыстың алдын алу және зардап шеккендерді оңалту жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы әйелдер құқығын бұзу мәселелері бойынша өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Көбінесе олар отбасындағы зорлық-зомбылыққа, мүліктік дауларға және алимент міндеттемелеріне қатысты.
Мемлекеттік органдар азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп гендерлік теңдік мәдениетін қалыптастыру, стереотиптерді еңсеру және Қазақстанда әйелдер мен қыздар үшін қауіпсіз орта құру жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Берікбол Байхожаев,
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің
Қызылорда облысы бойынша өкілі
Ақпарат көзі: kyzylorda-news.kz