Алаяқтарға аударылған ақшаны қалай қайтарып алуға болады

Дроппер — алаяқтар ақша алу үшін пайдаланатын адам. Әдетте, банк шоттары, карточкалар арқылы аударым жасалады немесе ұрланған қаражат қолма-қол ақшаға айналады.
— Өндіріп алудың мұндай мүмкіндігі негізсіз байыту кезінде қаражат пен мүлікті қайтару міндетін көздейтін Азаматтық кодексінің 953-бабымен регламенттелген, — делінген Алматы қаласының прокуратурасы хабарламасында.
Наурызбай аудандық сотының шешімімен жәбірленушінің дропперлерден 3 миллион теңге мөлшерінде залал сомасын өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылды.
Талап арыз беру үшін мынадай құжаттар қажет:
қылмыстық істі СДТБ-не енгізу туралы баянаттың көшірмесі;
жәбірленушіні тану туралы қаулының көшірмесі;
банктен адамның шотына ақша қаражатын аудару туралы жауап;
шотына ақшалай қаражат түскен адамнан жауап алу (дропперлер).
— Егер сіз интернет-алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, қосымша сұрақтар бойынша прокуратура органдарына жүгінуге құқығыңыз бар. Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды мұқият болуға және өздерінің банктік карталарының деректері мен кіру кодтарын бөгде адамдарға бермеуге шақырады, — делінген хабарламада.
Сурет: Нұрболат Нұржаубай