Мейірім мен мерей

Қайырымдылық күнінің басты ерекшеліктерінің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі болды. Ертеңгісін аудан орталығы қайнаған тіршілікке толып, жергілікті шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер өз өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсынды. Қала тұрғындары мен ауыл шаруашылығы мамандары үшін бұл күн нағыз берекенің белгісіндей болды. Жәрмеңкеде 60 тоннаға жуық өнім сатылып, оның ішінде 4,6 тонна ет өнімдері, 200 литр шұбат, 15 бас тірі қой-ешкі, 12,7 тонна мұздатылған және 50 дана ысталған балық, 3 тонна ас тұзы, 35 тонна көкөніс пен азық-түлік өнімдері тұрғындарға жеңілдетілген бағамен ұсынылды.
Жәрмеңкеге келген халықтың бірі қолжетімді өнім алғанына қуанып жатса, енді бірі жергілікті кәсіпкерлердің осындай игі шараларға белсене қатысуы көңілге жылу сыйлайтынын айтты.
– Қайырымдылық – халқымыздың қанында бар қасиет. Жәрмеңкеден өзімізге қажетті өнімдерді тиімді бағада алып қана қоймай, жергілікті кәсіпкерлердің еңбегін қолдауға мүмкіндік алдық. Осындай игі шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса, елдің бірлігі арта түсер еді, – дейді аудан тұрғыны Жанар Ахметова.
Бүгінгі күн ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізді дәріптейтін тағылымды шаралардың көптеп ұйымдастырылуымен есте қалды. Орталық алаңда тігілген ақшаңқан киіз үйлерде түрлі көрмелер мен қойылымдар өтті.
Содардың бірі «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» атты іс-шара аясында халқымыздың көнеден келе жатқан қолөнер мұралары қайта жаңғырды. Киіз үй ішіндегі арнайы шеберлік сабақтарында құрақ құрау, ұлттық бұйымдар жасау, зергерлік өнер сабақтары ұйымдастырылып, жастар мен бүлдіршіндер қазақ халқының өнеріне жақыннан қанықты.
Қазақ қыздарының көркі саналатын бұрым мен ұлттық әшекейлердің маңызын насихаттаған «Қыздар сұлу көрінер бұрымымен» атты шарада қыз-келіншектерге шаш өру әдістері, дәстүрлі әшекей жасау өнері, шашбау дайындау тәсілдері үйретілді.
Ал халқымыздың көне наным-сенімдерінен сыр шертетін «Аластау» дәстүрінің қойылымы көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл рәсімде от пен судың тазарту қасиеті дәріптеліп, ежелгі дәстүріміздің мән-маңызы түсіндірілді.
Қазақтың құндылықтарын жаңғырту бағытында өткен шаралар мұнымен шектелмеді. Ұлттық салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртқан «Бесікке салу», «Тұсау кесу» рәсімдері көрермен назарына ұсынылды. Олардың әрқайсысы халқымыздың тұрмыс-салтында ерекше маңызға ие екенін айғақтады.
Күннің басты шараларының бірі – «Жүрегім толы – мейірім» атты қойылым-концерт болды. Орталық алаңға жиналған жұртшылық бауырмалдық пен жанашырлыққа негізделген театрландырылған қойылымды тамашалап, өнерпаздардың әсем әні мен әсерлі биіне куә болды.
Концерт барысында қазақтың кеңпейілдігі мен мейірімділігі ұлықталып, жас буынға рухани тәрбие берудің маңызы көрсетілді. Кеш барысында «Мейірбандық жүректен – қайырымдылық білектен» атты театрландырылған көрініс қойылып, қайырымдылықтың тек материалдық көмек қана емес, шынайы жанашырлық пен ізгілік екенін көрсетуге бағытталды.
Сонымен қатар, «Мейірімділік – ізгілік жолы» атты шара барысында аудан тұрғындары мұқтаж жандарға көмектесіп, қайырымдылық акциясына белсене қатысты.
Арал жұртының дәстүр мен әдет-ғұрыпты айшықтай түскен мерекелі де берекелі тағы бір күні кешкілік Құланды, Қосаман, Беларан және Бекбауыл ауылдық округіндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клуб үйінің өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.
15 наурыз – Қайырымдылық күні өткізілген барлық шараларда халықтың рухани құндылықтары дәріптеліп, дәстүр мен салт қайта жаңғырды. Ал ауыл өнерпаздарының елден ала келген шашулары Арал көгін тағы бір мәрте әсем әуенмен көмкерді.
Наурыздың басты мәні – мейірім мен қайырымдылықта жатқаны сөзсіз.
Г.САҚТАПОВА