Директорлар додасы

Аудан мектептерінің директорлары бірнеше күн бойы өздерінің кәсіби деңгейін дәлелдеуге күш салып, түрлі сынақтардан өтті. Байқау барысында қатысушылар пәндік шеберліктерін көрсетіп, ашық сабақтар өткізді, мектептің даму бағдарламасы аясында өздері жоспарлаған жеке жобаларын қорғады. Бұл білім сапасын арттыруға бағытталған тың идеяларды, заманауи тәсілдерді және жаңа технологияларды енгізуге арналған сайыс болды.
Жарыстың нәтижесінде алдыңғы қатардан көрінген Айтуған Сауяев (№13 орта мектеп) пен Бағила Есенбаева (№200 орта мектеп) бірінші орынды қанжығаларына байлады. Олар өздерінің көшбасшылық қабілетімен, жаңашыл көзқарастарымен, білім берудегі инновациялық әдістерімен ерекше көзге түсті.
Ал екінші орынды Жаңаберген Аманжолов (№67 орта мектеп), Күләйша Сүлейменова (№177 орта мектеп) және Руслан Сисенов (№262 мектеп-гимназиясы) өзара бөлісті. Бұл басшылар ұсынған жобалар мектеп дамуына тың серпін беретін озық идеяларымен бағаланды.
Үшінші орынның жүлдегерлері қатарында Рысжан Әліпов (№73 орта мектеп), Досбол Есепбаев (№21 орта мектеп) және Шәрбану Жангүшікова (№260 орта мектеп) үздік деп танылды. Олар да өздерінің тәжірибелері мен креативті бастамалары арқылы жоғары бағаға ие болды.
Сайыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды ауданның бас ұстазы Санира Жанназарова арнайы қабылдап, құттықтады. Ол жеңімпаздарға сәттілік тілеп, олардың білім беру саласындағы жаңашылдықтары мен еңбектері ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Білім саласының басшыларының осындай кәсіби бәсекеге түсуі – заманауи мектептердің дамуына, білім сапасының артуына және ұстаздық беделдің нығаюына үлкен үлес қосады. Ал жеңімпаздар енді облыстық кезеңде аудан намысын қорғайтын болады. Бұл кезеңде олар өздерінің жобаларын одан әрі жетілдіріп, жоғары деңгейде қорғауы тиіс.
Жеңмпаздарға алдағы сындарда сәттілік пен толағай табыс тілейміз!
Г.САҚТАПОВА