Наурыз сыры: Өткен мен болашақтың тоғысуы


Мерекелік шарада «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай, Арал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азамат облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов құттықтау лебізін жеткізіп, Қызылорда облысының құрметті азаматы, Биғали Қаюпов батасын берді.
Ынтымақ күнініңидеясы – жалпы халық бір-біріне деген сый-құрметтерін арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау болып табылады. Бұл күнгі шаралар арнайы атау берілген киіз үйлерде өтті. «Ұлыс» үйінде «Құрсақ шашу» дәстүрінің қойылымы және «Наурыз – құт-береке бастауы» кітап көрмесінің таныстырылымы болса, «Табиғат» үйінде «Ұлттық өнер – ұлт мұрасы қолөнер бұйымдарының жасалуы бойынша шеберлік сағаты өтті.
«Руханият» үйінде «Жас жыршылар керуені» салтанат құрса, «Салтанат» үйінде «Ұлттық құндылықтар тәрбиенің түп қазығы» шаш өру, шашбау тағу, шаш қап дайындау бойынша шеберлік сағаттары болды. «Толағай» үйінде Ұлттық спорт түрлері - қазақ күресі, асық ату, садақ ату, бес асық, тоғызқұмалақ ойындарынан сайыс, «Жас өркен» үйінде «Шаңырақ көтеру», «Босаға майлау» ұлттық салт-дәстүрлерінен қойылым болды.
«Бірлік» үйінде «Қыз алып қашу» дәстүрінің қойылымы көрсетілсе, «Қара шаңырақта» Мұражай және архив заттарының таныстырылымы өтті. «Мейірім» үйінде жергілікті өнімдер көрмесі, «Еңбек» үйінде «Жұмысшы мамандықтары - табысты өмірдің кепілі!» атты жұмысшы мамандықтарды насихаттау шарасы, «Жеңіс» үйінде Ұлы Отан соғысына қатысты құжаттар мен экспонаттардың таныстырылымы және «Шаттық» үйінде «Ұлттық құндылық – ұлт қазынасы» ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сағаты болды. Ал «Аралтұз» үйі «Адал еңбек – адал табыс» және «Аралтұз» АҚ өнімдерінің көрмесін өткізсе, «Көкарал» үйінде «Тана бау тағу» салт-дәстүрінің қойылымы көрсетілді.
21 наурыз – Ынтымақ күнінде өткен мазмұнды шаралар легін кешкілік аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Арал» вокалды-аспаптық ансамблі жанды дауыста ән шырқап, мерекелік концертімен түйіндеді.
Нұрай ӘМІРХАНОВА