Ақша жинаудың қарапайым жолы қандай

Қаржылық сауат деңгейі төмен. Бірақ алдыңғы жылдармен салыстырғанда көтеріліп келе жатыр. Қазір соңғы зерттеулер бойынша қаржылық сауаттылық деңгейі 40,6%-ды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш бұрын 39% болған еді. Алайда халықтың көпшілігінде әлі күнге дейін жинаған ақшасы жоқ, - деді сарапшы.
Ол адамдардың көбінде “қауіпсіздік қалтасы” да жоқ екеніне назар аударды. Сөзінше, қауіпсіздік қалтасы қалай құрастырылатынын, қалай есептелетінін білмейді.
Егер айлықтан айлыққа ақшасы жетпей қалса, бірден кредит, микрозайм не болмаса туысқаннан қарыз ала салуды қалыпты жағдай көреді. Бұл қаржылық сауаттылықтың ең қарапайым талаптары. Осының өзін көп адам сақтай бермейді, - деп айтты Гүлнұр Нұрланқызы.
Сонымен қатар қаржы сарапшысы алаяқтарға алданып қалу фактілері де жиі кездесетініне тоқталды. Мысалы, 2023 жылғы статистика бойынша алаяқтарға алданып, салдарынан несие алған сома 5,8 млрд теңге болған. Яғни халық 5,8 млрд теңгеге алданып қалып отыр. Мұның барлығы қаржылық сауаттылықтың төмен екенін көрсетеді.
Қалай қаржылай сауатты болу керек? Неден бастау керек?
Біріншіден, білім алу.
Өкінішке қарай, бізде не балабақша, не мектеп, не ЖОО-ның бірде-біреуінде қаржылық сауаттылық бойынша міндетті сабақтар жоқ. Осылайша бұл тақырып не үйде айтылып қозғалмайды не мектеп, яғни білім беру жүйесі қозғамайды. Ересек адам айлығын қолына алғанда ғана қалай жарату керегін өзі шеше бастайды. Ал шын мәнінде, “ақшаны қалай қолдану керек, оны қалай жинау керек, қалай басқару керек?” деген қарапайым қағидалардың өзін білмейді. Бізге қаржылық сауаттылықты балабақшадан бастау керек. Одан кейін мектепте кәсіпкерлік, салық және қаржылық сауаттылық туралы сабақтар болуы керек деп ойлаймын, - деді ол.
Екіншіден, ішкі мотивация.
Адамның көзі ізденуі керек. Қазір кітаптар, курстар жеткілікті. Бірақ бұл тақырып жайында “іздену, оған қатысты курс ақталады” деп ойлайтындардың саны халықтың небәрі 12,8%-ы ғана екен. Қалғандары өзім үйреніп алатын сала деп есептейді. Олар бұл тақырып жайлы арнайы білім алудың қажеті жоқ деп есептейді. Сол себепті көп қателікке ұрынып жатады.
Қаржы сарапшысы қаржылай сауатты болуда ең негізгісі білім екенін айтты.
Үшіншіден, кіріс-шығысты есептеу.
Шығынды көргеннен кейін әр адам “қаржылық қалтасын” қалыптастыруды, ал егер шығынын дәл қазіргі табысы жаппаса, онда табысын көбейтудің жолдарын іздестіруі қажет.
Гүлнұр Нұрланқызы қаржылай сауатты болуды осындай қарапайым қадамдардан бастауға кеңес берді.
Фото: Нұрболат Нұржаубай