Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас талапкерге ашылған бағыт

Жас талапкерге ашылған бағыт

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келесі 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Президент. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыра түсетіні анық.
Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша түрлі іс-шаралар колледж ішінде орын алуда. Соның бір дәлелі – «Ашық есік күні». Бұл «Адал еңбек – адал табыс» атты тақырыппен орын алған күннің берері мол. "Мансап" орталығының өкілдерімен бірге ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне «Мансап» орталығының директоры Жадырасын Алдашев, Арал аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсауле Ембергенова және кәсіпорын жетекшілері мен әлеуметтік серіктес өкілдері қатысты. Сонымен қатар кәсіби бағдар беру мақсатында аудан мектептерінің 9-сынып оқушылары шақырылды.
Іс-шараны Арал индустриалды-техникалық колледж басшысы Рахым Айназаров ашып, алғашқы сөз кезегін «Мансап» орталығының директоры Жадырасын Темірханұлына берді. Жадырасын Алдашев жастарға кәсіп ашуға арналған бағдарламалар туралы баяндап, жәрмеңкеге қатысушыларға сәттілік тіледі. Келген конақтар жұмысшы мамандықтарының бағалануы мен оны дамытудағы маңызды қадамдар туралы әңгімеледі.
Ал ашық есік күнінің бағдарламасына сәйкес оқушылар колледжде экскурсия жасады. Олар колледждің материалдық базасымен, заманауи құралдармен жабдықталған шеберханалармен танысып, мамандықтар көрмесін тамашалады. Шеберлік сабақтары мен практикалық көрсетілімдерді көру арқылы колледж мамандықтарының басымдықтарына көз жеткізді.
Іс-шараны негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа мамандық таңдауға бағыт-бағдар беру және колледждің, болашақ мамандардың, жұмыс берушінің ынтымақтастығын дамытып жаңа мүмкіндіктерге жол ашу болып табылады.
Н. ХАМИТҚЫЗЫ
07 сәуір 2025 ж. 102 0