Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы

Расында ұлт болашақтарының бағбанына айналған, балдырғандардың келешегі кемелденуі үшін тынысмыз еңбек етіп, жас ұрпақтың санасына жарық сыйлап жүрген ұстаздардың қатарында да келісті келіндер көп. Міне, таяуда Арал ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы» атты бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы келіндер сайысы өтті.
Халқымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтеу, ата-бабамыздан мұра болып қалған әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау, қазақ еліне тән инабаттылық, ізгілік, ибалылық, ақылдылық, жауапкершілік, тапқырлық, ұқыптылық пысықтық қасиеттерді дәріптеу мақсатындағы бұл шараға аудан мектептерінен 9 мұғалім қатысты.
Төрт кезеңнен тұратын тартысты жарыста әр келін өзін жан-жақты көрсетіп, жеңіске лайық екенін көрсетіп бақты. Сөйлеу мәдениетін, білім деңгейін, өнері мен аспаздығын ортаға салған әр мектептің үкілі үміттерінің арасынан үздікті анықтау қазылар алқасына да оңайға түспеді.
Алайда шын мықтыны анықтау қиынға соқты десек те өз қарсыластарынан басым түскен жеңімпаздың сөзге, ойға жүйріктегін мойындау қажет. Тоғыз келіннің арасынан топ жарған №260 орта мектебінің мұғалімі Мөлдір Әбдіқалиева болды.
Айта кетейік, бұл жарыста біздің әріптесіміз, №292 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әсия Ерғазиева да сынға түскен болатын. Жеңімпаздан бір қадам ғана артта қалған ұжымдасымыздың жүлделі ІІ орыны жыл басынан бергі әріптестерінің жетістікке жолы жолын жалғаған тағы бір табысты қадам десек болады.
"Отан отбасыдан басталады" десек кіші Отанның отын өшірмей, алып Отанның келешегін көздеген мәртебелі мамандық иелеріне қызметте де, өмірде де жетістік тілеуден шаршамаймыз.
Айнұр АЙМЫРЗАЕВА,
№292 орта мектебі директорының орынбасары