Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас келіндер сайысы өтті

Жас келіндер сайысы өтті

«Келін» десе әрбіріміздің көз алдымызға ақ орамалы мен кәжекейі үйлескен, жүзінен нұры төгіліп, ізетті де инабатты қылығымен сүйсіндірген, талшыбықтай майысқан келіншек елестейді. Табалдырықтан имене аттаған сәттен сол үйдің қызындай болған, жанашыр, қамқор қазақ келініне жетер келін таппаспыз, сірә?!
Иә, қазақтың келіндері ұлттың болашағын тәрбиелеуші, олардың бойына нағыз қазақы тәрбие мен әдет-ғұрып, салт-сананың негізін құюшы. Бүгінде өз бойына осы қасиеттер мен қатар отбасылық өмірі, қоғамдағы орны мен жұмысын алып жүрген жандар «нағыз қазақтың келіні» деуге тұрарлық.
Көктем басталып күн жылып, дала құлпыра түсті. Тіршілік жанданып, қыс бойы жылылықты аңсаған халықтың көңілі қалыпқа келіп, көңілді кештер, керемет мейрамдар басталып жатыр.
Наурыз айы біздің ел үшін нағыз қазақы болмыстың көрінісі десек артық емес. «Алғыс айту» күнімен басталған айды әйелдер мерекесі мен нағыз мұсылман мейрамы Ораза мен көрісу күні жалғап, Самарқанның көк тасы жібіген Наурыз мейрамын күтудеміз. Бұл арнаулы айдың жыл сайынғы ерекшелігі көшедегі жұртшылық қазақы нақыштағы киімге, отбасылық отырыстарда ұлттық асымыз бен ойындарымызға көп мән беріп, мекемелер де соны құптайтындығында.
Осындай айтулы күндерге арналған «Келіні жақсының керегесі алтын» келіндер сайысы аудандық кітапханада кітапханашылар арасында да өтті. Мақсаты ұлттық мұрамызды ұлықтап, бүгінгі жас келіндер арасына ежелден ұмыт болған ата-дәстүр салтымызды қайта жаңғыртып, қазақ келінінің бойынан табылуы керек игі қасиеттерді қайта жандандыру, өнер әлеміне жетелеу, ежелден қазақ келіндеріне тән әдемілік пен ізеттілік, инабаттылық сияқты асыл қасиеттерді насихаттау, ақылды да үлгілі келіндерді елге таныстыру және жалпы ұлттық құндылықтарды дәріптеу болған сайысқа аудандық мәдениет орталығының директоры Айна Тұяқова, кітапхананың тұрақты оқырманы, ардақты ана Сматова Күнқияш және аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Әлішева әділқазылық етті.
Келіндердің барлығы жақсы өнер көрсетіп, салт-дәстүрді жете білетіндігін аңғартты. Осылайша қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетіп, нәтижесінде бас жүлдемен Райым ауылдық кітапханасының кітапханашысы Л.Жолмырзаева марапатталып, жүлделі І орынды Бөген ауылдық кітапханасының кітапханашысы Г.Қаласова, ІІ орынды Құмбазар ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ұ.Абжанова және Сапақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Алтаева иеленді. ІІІ орынды Шижаға ауылдық кітапханасының кітапханашысы А.Жақанова қанжығасына байлады.
Г. САҚТАПОВА
19 наурыз 2024 ж. 224 0