"Келіні жақсы үйдің керегесі алтын" атты келіндер сайысы өтті

Байқаудың басты мақсаты - жанұядағы ата-ене, қайын аға, қайын-іні, қайын сіңілі арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты келіннің орынының ерекшелігін, отбасының ұйытқысы екендігін ұғындыру, ана атанып, сыйластық пен инабаттылықты сезіну,ана сезімін ұғындыру.
Сайысқа жалпы 10 талапкер қатысып, әр түрлі кезеңдер бойынша өзара бақ сынады. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде «Әдепті келін - әдемі» шартында келіндер өздерін бейнеролик арқылы таныстырып өтті. «Салт дәстүрім-таусылмайтын байлығым» атауында өткен екінші кезеңде қазылар алқасы қатысушылардың халқымыздың ежелгі салт-дәстүрлері бойынша дайындаған көріністерін бағалады.
Үшінші кезеңде келіндер қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Байқау қорытындысы бойынша «Бас жүлде» иегері Аманөткел елді мекенінің келіні Әжікереева Ақтоты атанды. Ал І орын жеңімпазы Қарашалаң елді мекенінің келіні Қалиева Айида қанжығаласа, ІІ орын бөгендік келін Ділдахан Назеркеге бұйырды. Жүлделі ІІІ орынды шижағалық келін Пірмағанбетова Айдана мен аралқұмдық келін Өмірзақова Айда өзара бөлісті.
Өзге қатысушы келіндерге байқаудың арнайы номинациялары мен сый-сияпаттар табысталды.
"Толқын" ақпарат