Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар соғыстың алғашқы күндерінде

Аралдықтар соғыстың алғашқы күндерінде

1941 жылдың 22 маусым күнгі Фашистік Германияның Кеңестер Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап басып кіруі туралы, Совет Информбюросының радиодан берілген хабары, сол сәтте бүкіл Кеңестер Одағының тарап, Арал халқына да төтеннен естіліп, бір жай түскендей болған. Аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитеті жедел шаралар қабылдап, ауыл-ауылдардағы партия, комсомол активтерін жинап, жиналыс ұйымдастыра бастаған. Мұнда аудан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу, әскер қатарына жаппай жасы он сегіз бен 35 жас аралығындағы жастарды әскер қатарына алу жергілікті жерлерде комиссиялар құру туралы шешімдер қабылдана бастады.
Аудан тұрғындары соғыс хабарын естіген сәттен бастап-ақ әскери комиссариатқа жаппай ағылып, өз еріктерімен баруға жазыла бастады.
Соғыстың басталуы туралы  Ұлы Отан соғысының ардагері  Жұмағұлов Әбіш өзінің естелігінде былайша еске алады:  «Маусымның 26-ы  күні таң ертеңгі сағат 8-де 1920-1922 жылдары туылған ауданның жалынды жас патриоттары шақыру пунктіне ағытылып келе бастады. Жастардың жарқын жүзі  жұмысшы шаруа Қызыл Армиясы деген аса ардақты атқа ие болып, ел қорғайтын айбынды ерлік дәрежесіне жетіп қалғандықтарын көрсетіп тұр. Олардың бойынан  қорқу, үркініш сезімді көру мүмкін емес. Маған олардың аптығы басылмай, жауға деген ызасы кернеп, арыстандай жүректері шайылмай, алда тұрған айқаста жаудың сағын сындырғысы келетіндей көрінді. Комиссияға түсу алдында тіпті, олардың өзара әңгімесі комиссиядан жарап өту, бірі – кавалерист, бірі – артеллерист, тағы біреулері жаяу әскер болуды қалап тұрды. Өз Отанын, Ұлы халқын жанындай сүйіп, социализм елінің айбынды сақшысы болу – өздерінің үлкен борышы екенін сезгендей. Шақырту пункті орналасқан аудандық клубтың залы, портрет, плакат, лозунг, соғыс оқуының құралдарымен безендірілген. Бір жағында библотека, шашка-шахмат, патефондар тұр. Осы күні жиналған жастарға Арал аудандық партия комитетінің секретары Алжанов шақырудың кезегі және шақырылған жастардың міндеттері туралы әңгіме айтты. Ол Мемлекеттік Қорғау Комитетінің Төрағасы Сталиннің 3 шілде күнгі радио арқылы сөйлеген сөзін әскер қатарына шақырушыларға талдап түсіндірді. Мұнан кейін аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы Совет Информбюросының хабары жөнінде таныстырып, әрбір азамат әскери міндетін, борышын өтеуін және есепке алу және әскери шақыру жұмыстарына уақытылы келуін, келмеген жағдайда әскери трибунал арқылы жазаланатыны жөнінде әскер  қатарына шақырылғандар мен халыққа түсіндіріп өтті. Соғысқа алынатын жауынгерлердің жанұясына мемлекеттік жәрдемақы төленетіні туралы айтылып дәрігерлік тексеруден өткізілді.     
Кешқұрым вокзал жанына шығарып салуға жиналған халық нөпірі возалдың перонына симай кетті. Батасын беріп әке жүр, құлынын аттандырып – ана, "серігім, жан-жарым" деп әйел, "ағалап" іні-қарындас, "әке" деп  бала жүр» – деп, Аралдан алғашқы 26 маусым 1941 жылы соғысқа кетушілерді шығарып салған кезі туралы қарт жауынгер тірі кезінде еске алған болатын.
Міне сол күні аралдық жауынгерлер соғыстың алғашқы  күндерінен бастап-ақ, әскери комиссариаттың шақыртуы бойынша немесе өз еріктерімен сұранып майданға аттанды.  Соғыс басталысымен, 1941 жылы 26 маусым күні Арал аудандық әскери қорғаныс бөлімінің 1941-1943 жылдары соғысқа жіберілгендер туралы жазба кітабының І томында 130 жерлесіміздің әскерге аттанғаны туралы деректер көрсетілген.
1941 жылдың шілде айында болған комсомол активінің аудандық жиналысында ауданның барлық жастарына үндеу қабылдады. Үндеуде: «Еліміз соғыс жағдайында, қиын кезеңде тұрғанда біз әрбір күнді, сағатты тиімді пайдалануымыз керек. Жастар арасында әскери оқуды кеңейтіп, түрлі дайындық жұмыстарын жүргізу шаралары қолға алына бастады. Мекемелер мен ұйымдарда қысқа мерзімді медсестралық курстарға және әуе шабуылынан, химиялық қарулардан қорғану сабақтарын өткізуіміз керек» – деп, атап көрсетілді.
Сыр бойынан майданға 70 мың ер азамат майданға аттанған. Оның 35 мыңнан астамы соғыста қаза тапты, хабар ошарсыз кетті.
Енді осы сұрапыл соғыс басталған жылы Арал ауданының қанша адам әскерге алынды, қаншасы із-түзсіз соған қысқаша тоқталайық.                        Ресейлік «Мемориал», «Подвиг народа», басқа сайттарындағы мәліметтерді келтіретін болсақ  Арал ауданнан соғысқа кетіп қайта оралмағандар боздақтар саны 5347 адам болып отыр.
Менің зерттеуім бойынша Арал ауданынан 1938-1945 жылдар аралығында  12 мыңға жуық адам соғысқа қатысып, оның 6038-і майдан даласында қаза тапқан. Арал аудандық қорғаныс бөлімінің  1941-1945 жылдардағы деректері бойынша 191 жауынгер соғыс кезінде әртүрлі лагерлерде  тұтқынға түсіп, 2980 адам хабар-ошарсыз кеткені көрсетіледі.
Соғыстың салған жарасы әлі күнге дейін жазыла қойған жоқ. Әрбір жанұядан аттанған 4-5 жанның біреуі де оралмаған күндер болды. Қаншама отбасының шаңырағы шайқалып  ортасына түсті. Сұрапыл соғыста жат жерде қалған қазақ сарбаздарының сүйектері әлі де табылып жатыр. Жесір қалған аналар мен олардың балалары  кешегі күнге дейін із-түссіз кеткен жарын немесе баласын іздеген оқиғалар кездесіп тұрады. 
2019 жылы Ресейдің «Опоро» іздеу тобы "Майдан жолы" Павлодар іздестіру-зерттеу жасағының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде жерлес майдангеріміздің сүйегі табылып елге әкелінді. Шайқас даласында жамбасы жат жерге тиген аралдық жауынгерге туған жердің топырағы бұйырды. Жауынгердің мәйітін 2019 жылғы желтоқсан айында Тверь облысы Зубцовский ауданының Михеево ауылының маңайынан мәскеулік «Витязь» іздеу отрядының жауынгерлері тапқан болатын. Олар бізбен тікелей хабарласып, сарбаздың туған-туыстарының бар жоғы туралы мәліметтер сұраған болатын. Жедел іздестіру нәтижесінде хабар беріліп жауынгердің елге әкелуіне көмегіміз тиді. Олар сарбаз медальонының ішіндегі бланктің жақсы сақталғандығының арқасында жауынгер туралы деректерді бірден анықтауға мүмкін болды, ол 1917 жылы туылған Қазақ КСР-і Қызылорда облысы, Арал ауданынан шақырылған Жиенбаев Келіс екені анықталып, Құмбазар ауылының жанындағы «Нұрша» қорымындағы ата-бабаларының жанына жерленді.
Сол сияқты 1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей Федерациясы, Ленинград облысының Киров ауданының аумағында қызыл әскер сапында Отан қорғау жолында қаза тапқан жерлесіміз Емберген Айсановтың сүйегі де 2020 жылы туған жеріне жеткізілді. Емберген Айсанов 1900 жылы Арал ауданы, Қасқа-Құлан елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылы аудандық әскери комитеттің шақыртуымен әскерге аттанып, майдан өтінде 1943 із-түзсіз жоғалып кеткен. Марқұмның қызы әкесінің сүйегі табылардан бір жыл бұрын Қазалыда қайтыс болыпты. Майданда шейіт болған азаматтың сүйегі Қаратерең ауылдық округіне әкелініп, қайта жерленді. Ардагер сарбаздарды  жерлеу рәсіміне Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті қызметкерлері мен  "Майдан жолы" Павлодар іздестіру - зерттеу жасағы қоғамдық бірлестігінің мүшелері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Міне осындай ата-бабаларын іздеушілер әлі күнге дейін хабарласып тұрады.
Жақында Алматы қаласының тұрғыны, Қарақұм ауылының тумасы  Қияқбаев Нұрлыбек деген азамат хабарласып, әкесінің ағасы талай қиянкескі ұрыста ерлік көрсеткен Әбдіраш Қияқбаевтың 1942 жылы 13-ші наурызда Ленинград қорғанысында  қаза тапқанын анықтап, осы қаладағы бауырластар зиратынан топырағын әкелуге бел байлап отырғанын жеткізді.  Алайда батырдың ұрпақтары талай жыл іздеудің нәтижесінде, архивтерді ақтара жүріп Әбдіраш Қияқбаевтың сол елде жерленгенін анықтады. Жуықта жауынгердің інісі қарақұмдық ұстаз Әбдірейім Қияқбаевтың баласы Нұрлыбек әке аманатын орындап, сол жерден бір уыс топырақты туған жері Арал ауданындағы Алтықұдық ауылындағы ата - бабасы жатқан зиратқа әкеліп, ата-баба дәстүрімен әкесінің жанына  9 мамырда әкеліп  қоймақ ниете.
Қазір арамызда соғыстан оралып тірі қалған соғыс ардагерлері жоқ. Бірақ та олардан өрбіген ұрпақтар бейбіт заманда арамызда жүр. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмақ емес». Олардың ерлік істеріне басымызды иіп, тағзым еткеніміз абзал. Лайым елімізде тыныштық орнап, бейбітшілік заман болғай!
Болатбек ҚУАТОВ,
тарихшы, өлкетанушы
15 сәуір 2025 ж. 79 0