Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отаны үшін от кешкен

Отаны үшін от кешкен

Ұлы Отан  соғысы, өткен  тарихымыздағы  ең  қара  әріппен  жазылатын  оқиғалардың  бірі  болып  қала  береді. Бұл  соғыс  кімге  ылаң  салмады,  кімге  қайғы  әкелмеді?!  Бүгінгі  ұрпақ соғыс  жайында  тек  кітаптардан  оқып,  кинофильмдерді  көру  арқылы  таныс  болғанымен,  біздің  ата-әжелеріміз,  аға-апаларымыздың  көрген  қасіреттерін  еске  алу  бізге  де  оңайға  соқпайтыны  рас. Олардың  сондағы  көрсеткен  ерлігі  бізге  бейбіт  өмір,  тыныштық  заман  сыйлады. Бұл  соғыстың   салған  қасіреті  Нұрымбетовтер  отбасын  да  айналып  өткен  жоқ. Өйткен  себебі  бұл  соғысқа  бару  үшін   менің  атам Нұрымбетов  Төртқара  да  әскер  қатарына  алынған.Төртқара Нұрымбетов  атамыз  1918  жылдың  5 наурызында  Арал  қаласында  дүниеге  келіп,  осы  жерде  оқып,  білім  алған. Әскер  сапында  тұрып,  елін,  жерін  жаудан  қорғауға  аттанған  атамыз  1941  жылдың  7  шілдесі  күні  жедел  әскери  дайындықтан   кейін  ұрыс  даласына  өткен. Ержүрек  жауынгер Төртқара  атамыз ширақ  қимылымен   бірден  көзге  түсіп,  310-Новгород  атқыштар  әскери  дивизиясының  құрамында  бөлімше  командирлігіне  тағайындалған. Осы  жылдың  27 тамызы  күні Ленинград  облысынан  200   шақырым   жердегі,   осы  қаланың  атымен  аттас  өзеннің  бойында  орналасқан Тихвин  атты  шағын қалаға   әкелінген. Осы  жылдың  9 қыркүйегінде Ленинград  қоршауын  бұзу  мақсатында Ленинград  майданының  54-әскері  құрамында  болып, Ленинград облысының Тосненск  ауданына  қарасты  Апраксин-Бор   кентіне  әкелініп,  Шлиссельбург  қаласының  Оңтүстік Шығыс ұрысына  кіріскен. Ал  қазан  айында  Волхов қаласының  түбіндегі  қорғаныста  тұрып, 1941-1942  жылдары  Ленинград  облысының  Шығыс  аудандарын  азат етуге  қатысқан. 1942  жылдың  19   наурызындағы  толассыз  ұрыстардың  бірінде  сол  жақ  аяқ-қолдан  ауыр  жарақат  алып,  госпитальға  жатқызылады. Госпитальдан  сауығып  шыққан  атамыз  майдан  шебіне  ену  үшін  ұрыс  даласына  қайта  беттейді. 1943  жылы  Волхов  майданының  құрамында  болып,   Новгород  облысының Мясной  бор кентінінің  маңында  да  ұрыс  жүргізіп,  1944  жылдың  басында  Ленинград – Новгород шабуыл  бағытымен   Псковқа  дейін  барады.  Осы  ұрыс  операциялары  кезінде  ерекше  көзге  түсіп,   20 қаңтарда  «Новгородтық» деген  құрметті  атаққа  ие  болады.
Сол жылдың  ақпан  айында  екі  ауыр,  бірнеше  жеңіл  жарақаттар  алып,  ендігі  ұрыстарға   мүлде  жарамсыз  болып,  елге  қайтарылған. Төртқара  атамыз  ерен  ерлігі  үшін  ІІІ  дәрежелі  "Даңқ"  орденімен,  Кеңестік   Социалистік  Республикалар  Одағының  Жоғарғы  Кеңесі  Президиумінің  медалімен,  Кеңестік  Социалистік  Республикалар  Одағының "Қарулы  Күштеріне –  50  жыл",  Ұлы  Отан  соғысының  "Жеңісіне –  20  жыл",  "Қарулы  күштерге – 30  жыл,  40  жыл"  медальдарымен  марапатталған. 
"Ерлік – елге  мұра,  ұрпаққа  үлгі"  демекші,  біздің  атамыздың  ерлігі  де  елге  мұра,  біздей  ұрпағына  үлгі-өнеге   екені  даусыз. Атамыздың  жан  жары  Нұрсұлу  Байдеуқызы Байдеуова  1925  жылы Арал ауданының  Сазды  елді  мекенінде  туған. Үлкендердің  айтуынша,  Нұрсұлу  анамыз  атамызбен  бірге  өмірінің  соңына  дейін  тату-тәтті  тіршілік  кешкен  көрінеді. Төртқара  атамыздың  ерлігі  жылдар  өткен  сайын  жадымызда  жатталып,  жүрегімізден  өшпестей  орын  алатындығына  бек  сенімдіміз.
Гүлнар  Нұрымбетова,
Арал  көпсалалы  колледжінің  оқытушысы 
08 мамыр 2022 ж. 962 0