Ұрпақ үшін от кешкен
Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 77 жыл толады. Бұл Жеңіс – ардагерлеріміздің жанқиярлық ерлігі мен еселі еңбегінің жемісі. Уақыт алға жылжыған сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап бара жатқандай. Дегенмен Отан үшін жанын құрбан еткен, от пен оқтың ортасында кеудесін оққа тосқан ардагерлердің жанкешті ерлігі ұмытылмайды. Бүгіндері сол ардагер аталарымыздың қатары сиреп бара жатқаны жанымызға батады...
Отанымызды қорғап қалу үшін майдан даласында белуардан қан кешкен сондай жандардың бірі – Байділда Жангүшіков атамыз. Ол 1923 жылы дүниеге келген. Балалық шағы ұжымдастыру кезеңімен тұспа-тұс келіп, отбасымен бірге Голощекиннің Қазақстанда жүргізген «Кіші қазан» саясатының зардабын тартып, біршама уақыт елден жырақта өмір сүруге мәжбүр болған. Байділда ата Қамыстыбас ауылында, Арал қаласындағы №13 орта мектепте білім алған.
Байділда Жангүшіков 1942 жылы Отан қорғау жолында майданға аттанады. Жауынгер жолы сан қилы. Қатардағы жауынгер Сталинград облысының Камышин қаласында үш ай арнайы әскери дайындықтан өтеді. Сөйтіп, соғыстағы алғашқы жауынгерлік жолын қазіргі Калмыкия, Орал қаласындағы кіші командирлер дайындайтын үш айлық курста оқып, бөлімше командирі қызметінен бастайды. 1943 жылы Сталинград, Новочеркасск, Дондағы Ростов қалаларын және Курск-Белград-Харьков жерлерін жаудан азат ету жолындағы ауыр ұрыстарға қатысқан. Ауыр шайқастарда қиын тапсырмаларды орындауда әр істі тыңғылықты атқара білді. Ұлы дүбірдің бел ортасында жүріп, жаумен шайқасқа барлық жастық жалынымен араласты. Бейбіт жатқан елімізге қауіп төндірген фашизммен күрес оның жігеріне жігер қосып, намыс отын тұтандырды.
Б.Жангүшіков Курск иіні шайқасында және Накиевка қаласын жаудан азат ету кезінде полк командирінің арнайы тапсырмасымен неміс басқыншыларының алғы шептегі ерекше бекінісі 13-ші арнайы бақылау нүктесін жоюда ерекше ерлік көрсетеді. Тас қамал дот, дзоттарға бекінген жаумен қоян-қолтық ұрыс барысында жеке өзі бірнеше дұшпанның көзін жойып, жоғары шенді арнайы әскер офицерін тұтқынға түсірген. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. 1944 жылы сұрапыл шайқастардың бірінде ротаның жараланған саяси жетекшісін (политрук) қарша бораған жау оғының астынан алып шығар кезде өзі де ауыр жараланған. Осы шайқастағы батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сталинград, Горький, Саратов қалаларындағы госпитальдарда ұзақ уақыт емделгеннен кейін, жарақатының ауырлығына байланысты әскери қызметінен босап, елге оралады.
Байділда атамыздың сол қан майдандағы ерлік жолы жоғары бағаланып, "Қызыл жұлдыз", І дәрежелі «Отан соғысы», "Гвардия" ордендерімен және «Белградты, Харьковты азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», "Ерлігі үшін", "Жуков", "Курск шайқасы" медальдарын иеленген. Сонымен қоса 1941-1945 жылдардағы "Соғыс ардагері" белгісінің иегері атанып, СССР Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Командованиесінің Алғыс хаттарын алды. Ұлы Жеңістің және СССР Қарулы Күштерінің 20, 40, 50, 60, 70 жылдығына арналған мерекелік медальдары кеудесінде жарқырады.
Байділда ата соғыстан кейінгі жылдары елімізде тұралаған шаруашылықты қалпына келтіруге белсене атсалысып, 45 жыл сауда кооперациясы саласында Арал қаласы мен Бөген, Ұялы, Қамбаш, Сексеуіл, Қарақұм ауылдарында қажырлы еңбек еткен. Оның 25 жылында сауда кооперациясының төрағасы болып абырой биігінен көрінді. 1960 жылдары Мәскеу кооператив институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Осындай үздіксіз қажырлы еңбегі үшін «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерліктері үшін» медальдарымен, облыстық партия комитетінің, сауда басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірнеше мәрте ауылдық кеңестің депутаты болып сайланып, ел-жұрттың құрмет-қошеметіне кенелген жан.
Зейнетке шыққаннан кейін де қарап отырмай қоғамдық жұмысқа араласып, Қарақұм ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. 2005 жылы Қызылорда облысы делегациясы құрамында Астанада Ұлы Жеңістің 60 жылдығы шеруіне қатысып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қабылдауында болып, мәртебесі асқақтады.
Атамыз Байділда өмірлік серігі Балғибат екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің негізін қалады. Бүгінде бақилық болған батыр әке Байділда мен алтын құрсақты ана Балғибаттан үлгі-өнеге алған ұрпағы жоғары білім алып, тәуелсіз еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі жолында әр салада абыройлы қызмет етуде.
Сонау сұрапыл соғыс жылдарында ерен ерлік көрсетіп, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған майдангерлеріміз мен тыл еңбеккерлерін мәңгі жадымызда сақтау, ұлықтау – бүгінгі ұрпақ парызы. Барлық саналы ғұмырын Отан қорғауға, туған өлкесінің өркендеуіне арнаған, қоғам белсендісі әрі жанашыры болған Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Байділда атамызға Арал қаласынан бір көше атауы берілсе, атпал азаматқа деген ел құрметінің бір парасы болар еді...
К. КӨЗДІБАЕВА