Ерліктің үлгісі болған жауынгер дүниеден озды
Жауға қарсы бетпе-бет тұрып, жанын қатерге тіккен соғыс майдангерлерінің қай-қайсысы да батыр деген атқа әбден лайық. Сондай батырлардың бірі елінің басына қиын-қыстау заман туғанда иығына қару асынып, басқыншыларға қарсы ерлікпен шайқасқан Жанасов Талжан Байболұлы болатын.
Ағымдағы жылдың 19 шілдесі күні Сексеуіл кентінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, бабалар ерлігін қайталап, жеңісті жақындатуға үлес қосқан қарт майдангер Талжан Жанасов 96 жасында дүние салды.
1925 жылғы 1 шілдеде Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентіне қарасты №84 разъезінде дүниеге келген ол соғыс жылдары 1942 жылы Кеңес әскеріне шақырылып, Ақмола қаласынан бір ай бойы әскери дайындықтан өтеді. 1-Украин майданында, соңынан 4-Украин майданында жаяу әскер қатарында болып, Ұлы Жеңісті Германияда қарсы алады.
Елге оралған соң бейбіт кезеңде еңбек етіп, 1980 жылы зейнетке шыққанға дейін темір жол саласында машинист болып қызмет атқарған. Өскелең ұрпақтың бейбіт өмірі үшін майдан даласында от кешкен қарт жауынгердің ерліктері бүгінгі буынға үлгі боп қала бермек. Елге сыйлы майдангер І-ІІ дәрежелі «Отан соғыс ордені», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Сұм соғыстың соңғы куәгері ретінде ауданның шежіресіне айналып отырған майдангердің артында қалған ұрпақтарына сабыр берсін. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен абыз кеуде ақсақалдың өнегелі өмірі бүгінгі жас буынға үлгі болып қала бермек.
Қарт жауынгердің жатқан жері жайлы, жаны жәннаттың төрінен болғай!
Арал ауданының әкімдігі,
Арал аудандық мәслихаты,
«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы,
Арал аудандық, қалалық ардагерлер кеңесі,
Арал аудандық қоғамдық кеңесі