Аудан әкімі Ұлы Отан соғысы ардагерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сексеуіл кентіндегі Ұлы Отан соғысының ардагері Жанасов Талжан ақсақалдың отбасына барып, соғыс ардагерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Еліміздің бүгінгі бейбіт заманда жеткен жетістіктерінің артында майдангерлердің ерліктері тұрғандығына тоқталған аудан басшысы жас ұрпақ мұны ешуақытта ұмытпай, мақтан ететіндігін жеткізді. Одан соң аудандағы Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз куәгеріне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың құттықтау хаты мен сый-сияпаттар табыстады.
Талжан ақсақал мереке қарсаңында арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылығын жеткізіп, ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріне абырой тілеп, ақ батасын берді.
Жанасов Талжан 18 жасында Кеңес әскері қатарына шақырылып, Ақмола қаласында бір ай дайындықтан өтіп, майдан шебіне жіберілген.
1942 жылдан бастап 1945 жылдың тамыз айына дейінгі мерзімде алдымен 1-Украина майданында, соңынан 4-Украина майданында жаяу әскер жауынгері болған.
3 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген ардагер қазіргі таңда немере-шөберелерінің ортасында ғұмыр кешуде.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі