Майдан табыстырған туыстық

Әйгілі жазушы, біртуар қалам иесі Дулат Исабековтың бұл сөздері бүгінгі ұрпақтың бәрінің санасында. Жеңіс күнін желеулеп, жыл сайын азаттықты жақындатқан жандарды ортаға алып, ұрандағанымызбен ақиқатында соғысты көрген ұрпақ бүгінде жоқтың қасы. Ауданда мүлде жоқ. Алайда біз майдангерлердің әңгімесін аузынан естіген ұрпақ ретінде кейінгі өскелең буынға естелік айтуға тиіспіз.
Менің атам Әзизулла Каленов 1942 жылы 3 қаңтардан бастап соғыстың бел ортасында болған жан. Мен сол кісінің келіні болдым. 1945 жылдың 18 наурызына дейін майдан шебінде болып, елге оралған ол бізге ол жақтағы қиындықтарды көп айта бермейтін. Бәлкім өздері өткерген күнді білмесе, сезбесе екен, енді қайтып көрмесе екен дейтін болғандығынан шығар. Алайда майдандас досы Әбдісадық Ахметов атам шаңырағымызға жиі келетін. Басы қосылса барша халықтың ауырпалығына айналған алмағайып уақыты әңгіме етіп отыратын. Мен шәй құйып, қызмет жасап жүріп аталарымның айтқандарын ойыма түйетінмін. Атам:
– Балам, бұл да сенің атаң болады. Әбдісадық атаң екеуміз өмір мен өлім арасында тобықтан қан кешіп жүргенде бұл сұрапылдан аман қаламыз деген ой болмапты. Алла ғұмыр беріп, елге сау қайтуды жазыпты. Бір нанды бөліп жеп, басымыздағы касканы ыдыс етіп, содан бірге тамақ жеген күндеріміз әлі көз алдымызда, – деп айтып, сәлем еткізетін.
Міне, сол сыйластық, достық туыстыққа ұласты. Бүгінде екі атаның ұрпақтары бүгінге дейін қатысып, қызығымыз бен қуанышымызда бой көрсетіп, туыстай сыйласып келеміз. "Достық қиындықта сыналады" демейді ме?! Міне, сол сертке берік жандардың ұрпақтары ретінде бір үйдің баласындай жақын қатысып келе жатқанымызға қуанамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілді. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігі есімізде мәңгі сақталады. Оларды әрдайым мақтан тұтамыз, құрметтейміз" деген болатын. Міне, биыл Жеңістің 80 жылдығы аясында аталарымның ерлікке толы естелігін айтып, жас ұрпақтың санасында сақталуы үшін қолыма қалам алдым.
Мәуегүл КАЛЕНОВА,
келіні