Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Жеңіс күнімен құттықтады

Аудан әкімі Жеңіс күнімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Қазіргі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да – осынау мерекенің жемісі.
Соғыс жылдары мыңдаған қазақстандықтар майданда кеуделерін от пен оққа төсеп, Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғады.
Тылда қалған қарттар, аналар мен бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы-қасіретін арқалай жүріп бірде аш, бірде тоқ, тынбай жұмыс істеді. Бірақ ешкімнің де сағы сынбады. Небір сын сәттерде Отан үшін отқа кеудесін тосқан қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары Отанын қорғауда үлкен ерлік көрсетті. Олардың ерлік істерін ешкім де, ешқашан да ұмытпауға тиіс.
Зұлмат жылдар тарихының беттерін парақтасақ, жеңіс сағатын соқтыруға аралдықтардың қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Ұлы Отан соғысына 12 мың жерлесіміз аттанып, оның 5200-і майдан даласында қаза тапқан.
Осынау қастерлі күні өз өмірлерін құрбандыққа шалып, шейіт болған ерлердің аруақтары алдында терең ілтипат сезіммен бас иеміз.
Сол бір отты жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен еңбек етіп, сұрапыл кезеңнің куәгеріне айналған ардагерлерді әрқашан есте сақтап, тарихтың қай кезеңінде болмасын мақтанышпен айтуға болады.
Қадірлі ағайын!
Халқымыздың құрметке лайық қаһармандығы мен қайтпас қажыр-қайратының айнымас үлгісіне айналған Жеңіс күні баршаңызға құтты болсын!
Көкте желбіреген байрағымыз ешқашан құламасын, бейбіт күннің бақытты сәттеріне куә болып, әркез қуатты Қазақстанымыздың күшін біріктіру жолында, бірлікте күн кешуге жазсын!
Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!

Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов
09 мамыр 2023 ж. 324 0