Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпаққа ұран – Ұлы Жеңіс

Ұрпаққа ұран – Ұлы Жеңіс

Аудан тұрғындары 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесін ерекше атап өтті. Қала орталығындағы «Тағзым» алаңына жиналған қауым Ұлы Отан соғысы құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, боздақтардың рухына арнап Құран бағыштады.

Сұрапыл соғыста елі үшін от кешіп, майдан даласында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш тақта мен Мәңгілік алауға аудан әкімі С.Сермағамбетов бастаған ел ағалары, аудан тұрғындары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері гүл шоқтарын қойды.

«Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен сұрапыл жылдары мыңдаған қазақстандықтар майдан даласында кеуделерін от пен оққа төседі.

Сұрапыл соғыс қаншама үйдің адамын жұтып, қаншама үйдің отын өшірді, қаншама ана ұрыс даласынан келген қаралы қағазға сенбей, ұлдарын күтумен өмірден өтті. Қаншама ару жесір қалып, сәбилер жетімдіктің зарын тартты.
Тылда қалған қарттар мен аналар, бесіктен белі шықпаған балалар соғыстың қайғы-қасіретін көтере жүріп,тылда тынбай еңбек етті. Бірақ, ешкімнің де сағы сынбады. Өйткені, олар Жеңіс үшін аянған жоқ. Небір сындарлы сәттерде Отан үшін кеудесін отқа тосқан қазақ халқының батыр қыздары мен ұлдары ел қорғауда үлкен ерлік көрсетті. Олардың ерлігін ешкім де, ешқашан да ұмытпауға тиіс», – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Зұлмат жылдар тарихының беттерін парақтасақ, Жеңіс сағатын жақындатуға аралдықтардың қосқан үлесін мақтанышпен айта аламыз. Ұлы Отан соғысына 12 мың жерлесіміз аттанып, оның 6 мыңға жуығы майдан даласында қаза тапқан.

Салтанатты шара одан әрі Ауған соғысы, Чернобыль апатын жоюға қатысқан және Семей сынақ полигоны ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты.





Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

09 мамыр 2022 ж. 558 0