Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдықтар Аған соғысы құрбандарын еске алды

Аралдықтар Аған соғысы құрбандарын еске алды

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл. ХХ ғасырдың ең ұзақ майданына баланған Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мыңға жуық адам қатысса, олардың 60-тан астамы аралдық азаматтар болды.
Кеше аудан орталығында соғыс жылдарында қаза тапқан майдангерлерді еске алу шарасы өткізілді.

Аудан тұрғындары қан майданда, ұрыс даласында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, өздерiнiң интернационалдық борышын өтеу кезiнде ерлiкпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына құран бағыштап, тағзым етті.

Аталған шараға аудан әкімі С. Сермағамбетов қатысып:
-«Сын сағатта батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өздерінің Отан алдындағы борышын адал орындаған азаматтарымыздың ерен ерлігі әрқашан жадымызда. Ерлікті ұлықтау, насихаттау, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы. Ел басына күн туғанда жауынгерлік ерлік пен елдіктің өнегесін көрсеттіңіздер. Жас ұрпақ сіздерді әрдайым мақтан етеді» - деп еске алу шарасына қатысқан ардагерлер мен жиналған көпшілікке ізгі лебізін білдірді.

Одан соң сөз алған Ауған соғысының ардагері Бисенбаев Серік майдан даласынан оралмаған қаруластары әрдайым естерінде болатынын айтып, келер ұрпақ тек бейбіт заманда өмір сүрсін деген тілегін жеткізді.
Шара соңында тарихи күнді ұлықтауға жиналған ауған соғысының ардагерлері мекеме ұжымдары соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Атап өтейік, Ауған соғысына Аралдан аттанған 60 майдангердің 58-і елге оралды. Майдан даласында 2 жерлесіміз қаза тапты. Қазіргі таңда, Кеңес әскері қатарында Ауған даласындағы интернационалдық борышын өтеген ардагерлер түрлі салада еңбек етуде.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

16 ақпан 2022 ж. 622 0